
Жаңа оқу жылында оқу процесін ұйымдастыру бойынша негізгі міндеттер айқындалды

Жаңа оқу жылының басталуына орай Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай институттар мен мектептердің директорларымен, факультет декандарымен және кафедра меңгерушілерімен, сондай-ақ Университеттің құрылымдық бөлімшелерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқу жылының алғашқы апталарында туындаған өзекті мәселелерді талқылау, оларды жедел шешу жолдарын айқындау және оқу процесінің тұрақты әрі тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.
Кездесу барысында оқу сабақтарын ұйымдастыру, сабақ кестесі, білім алушылардың оқу процесіне бейімделуі, оқытушылардың оқу жүктемесі, академиялық үдерістерді үйлестіру және құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Сонымен қатар институттар, мектептер, факультеттер мен кафедралар деңгейінде туындаған мәселелер талқыланып, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар ортаға салынды. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары алғашқы апталардағы тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша анықталған мәселелерді жедел шешуге бағытталған міндеттер белгіленіп, оқу процесін одан әрі жетілдіру бойынша нақты қадамдар айқындалды.
Кездесуде жаңа оқу жылының сапалы ұйымдастырылуы барлық құрылымдық бөлімшелердің үйлесімді жұмысы мен тиімді өзара іс-қимылына тікелей байланысты екені атап өтілді.
