
ЕНУ студенттері «Лубань» шеберханасында робототехника технологияларын меңгеруде

6В07113 «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламасының 4-курс білім алушылары Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Лубань» шеберханасында робототехниканың заманауи технологияларын белсенді түрде меңгеруде.
Практикалық сабақтар «тәжірибе арқылы оқыту» қағидаты негізінде ұйымдастырылған. Студенттер коллаборативті роботтың жұмыс істеу принциптерімен танысып, оның құрылымы мен бағдарламалау мүмкіндіктерін зерттеуде. Сонымен қатар роботтың кеңістіктегі қозғалыстар ретін бағдарламалауды және ұстағышын басқаруды үйренуде.
Сабақ барысында практикалық дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер қарапайым командаларды құрудан бастап, роботқа берілген операцияларды орындауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды қалыптастыруға дейінгі кезеңдерден өтеді. Мұндай тәсіл заманауи робототехниканың мүмкіндіктерін және оны көлік пен өндірістік салаларда қолдану ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Оқытудың келесі кезеңінде роботтандырылған жүйелерді жасанды интеллект технологиялары арқылы басқару жоспарлануда. Студенттер интеллектуалды басқарудың заманауи тәсілдерімен танысып, робототехника мен жасанды интеллекттің практикалық инженерлік міндеттерді шешуде қалай үйлесетінін меңгереді.
Сабақтарды техника ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Болатова Айнаш Болатқызы жүргізеді.
Бүгінде Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері робототехника, цифрлық технологиялар және интеллектуалды жүйелерді меңгеру үшін кең мүмкіндіктерге ие. Заманауи жабдықтармен практикалық жұмыс жасау студенттерге жаңа білім алумен қатар, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, қажетті құзыреттерді қалыптастыруға және болашақ технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
