
Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир ЕҰУ-дың құрметті профессоры атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир жоғары білім мен халықаралық академиялық ынтымақтастық мәселелеріне арналған дәріс оқыды. Кездесуге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай университет атынан қонақты қарсы алып, Қазақстан мен Малайзия арасындағы білім және ғылым саласындағы байланыстардың маңызына тоқталды.
«Қазақстан мен Малайзияны білім, ғылым және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылыс біріктіреді. Университеттер үшін бұл ынтымақтастық нақты мазмұнға ие: студенттер басқа елде білім алуға, ғалымдар бірлесіп жұмыс істеуге, ал оқытушылар тәжірибе және оқытудың жаңа тәсілдерімен алмасуға мүмкіндік алады», – деді проректор.
Бүгінде ЕҰУ Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық және ғылыми байланыстарды дамытып келеді. Университет пен Малайзияның жоғары оқу орындары арасында бірқатар меморандумдар мен келісімдер жасалған. Олардың қатарында Малайзия Паханг университеті, Малайзия Келантан университеті, Малайя университеті және City University Malaysia бар.
Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарының 15 профессоры ЕҰУ докторанттарына шетелдік ғылыми кеңесші ретінде жетекшілік етеді. Сонымен қатар малайзиялық ғалымдар университетте дәріс оқып, семинарлар өткізеді.
2021 жылдан бері академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында ЕҰУ-дың 30 білім алушысы Малайя университеті, Малайзия Путра университеті және MARA технологиялық университетінде білім алды.
Дәріс барысында Замбри Абдул Кадир жоғары білім беру жүйесін дамыту, халықаралық академиялық байланыстар және университеттердің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы ойларымен бөлісті.
Дәріс соңында ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай Замбри Абдул Кадирге мазмұнды дәрісі үшін алғыс білдіріп, Ғылыми кеңестің шешімімен оған ЕҰУ-дың құрметті профессоры дипломын табыстады.
Осылайша, Малайзияның жоғары білім министрі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры атанды.
