
ЕҰУ-да ғылымдағы жасанды интеллекттің жаңа мүмкіндіктері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары институтында заманауи жасанды интеллект технологияларын зерттеу қызметіне енгізуге арналған ғылыми семинар өтті.
Семинарда «Химия» кафедрасының оқытушы-зерттеушісі, химия ғылымдарының кандидаты Руслан Сафаров баяндама жасады. Ол нақты мысалдар арқылы нейрондық желілер мен ЖИ-агенттердің күнделікті қайталанатын ғылыми жұмыс үдерістерін оңтайландыруға және нәтижелердің дәлдігін арттыруға қалай көмектесетінін көрсетті.
Семинар барысында қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмысында ЖИ қолданудың практикалық жолдарын қарастырды:
- Ғылыми жобаларды жүргізу барысында ЖИ-агенттермен бірлесіп жұмыс істеу.
- Бағдарламалық кодтың көмегімен есептеулерді автоматтандыру және деректер алу.
- Дереккөздердің сенімділігін тексеру және мамандандырылған дерекқорлар арқылы ғылыми сілтемелердің дұрыстығын растау.
- Деректерді цифрландыру: графиктерден, диаграммалардан және кескіндерден нақты сандық көрсеткіштерді алу.
- Жарияланымдарды дайындау: ғылыми құжаттаманы МЕМСТ және халықаралық стандарттарға сәйкес автоматты түрде рәсімдеу.
ЕҰУ қызметкерлерін ChatGPT Edu платформасына қосу жөніндегі нұсқаулықтар, сондай-ақ академиялық ортада жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидалары мен әдеп нормаларын талқылау қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
