
ЕҰУ-ға 30 жыл – 50 шақырымдық жол: Семейде «Abai Joly 100 miles» ультратрейлі өтті

Семей қаласында төртінші рет «Abai Joly 100 miles» ультратрейлі өтті. Биыл жарыстың негізгі қашықтықтарының бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Күшікбай асуы - ЕҰУ 30 жыл» атты 50 шақырымдық жүгіріс болды.
Мерейтойлық қашықтық әуесқой желаяқтарды, кәсіби спортшыларды және трейлраннинг әуесқойларын біріктірді. 50 шақырымдық бағыттың еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған ауқымды спорттық іс-шараның бір бөлігіне айналуының өзіндік символдық мәні бар.
«Күшікбай асуы – ЕҰУ 30 жыл» жарысының старты Абай атындағы әуежайда берілді. Қатысушылар Семей - Қарауыл тасжолы арқылы Күшікбай батыр асуына дейінгі бағытты еңсеріп, өздерінің төзімділігі мен рухының мықтылығын сынады.
Мерейтойлық қашықтық аясында «ENU – 30» және «ENU\Sociology - 20» номинациялары бойынша 50 000-нан 100 000 теңгеге дейін ақшалай жүлделер тағайындалды. Сонымен қатар қатысушылар ардагерлер мен түрлі кәсіби салалардың өкілдеріне арналған арнайы атаулы жүлделер үшін бақ сынады.
Жарыстың ерекше сәттерінің бірі - «BURA» спорт клубының Гран-при жүлдесін табыстауы болды. 50 шақырымдық қашықтықта 3 сағат 37 минут 20 секунд нәтиже көрсеткен Аким Еркебай жеңімпаз атанды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жарыстың серіктестерінің бірі ретінде мерейтойлық қашықтықтың ұйымдастырылуына қолдау көрсетті. Жеңімпаздарға, жүлдегерлерге және мәреге жеткен қатысушыларға ЕҰУ мен Қазақ спорт және туризм академиясының жүлделері мен естелік сыйлықтары табысталды.
Ультратрейлді Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, ЕҰУ журналистика және әлеуметтік ғылымдар Жоғары мектебінің әлеуметтану кафедрасы және «El Sport» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Жарысқа Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт істері комитеті және Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы қолдау көрсетті.
Ультратрейл бағдарламасына Абай атындағы әуежайдан басталып, сол жерде аяқталған «Бастама – Есірткіге жол жоқ» атты 3 шақырымдық қашықтық та енді. Оған 64 әуесқой спортшы қатысып, екі жас санаты бойынша бақ сынады.
Жарыстың өтуіне Shakarim University, MyStart және Bas Sport интернет-платформалары да өз үлестерін қосты.
«Күшікбай асуы - ЕҰУ 30 жыл» мерейтойлық қашықтығы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығын атап өту аясындағы маңызды шаралардың біріне айналып, спорттық рухты, жаңа жетістіктерге ұмтылысты және алға қарай қозғалыс идеясын тоғыстырды. Спорттағыдай, университеттің дамуы да төзімділікті, командалық жұмысты және жаңа биіктерге қарай үздіксіз ұмтылысты талап ететін жол.
