
ЕҰУ 2026–2027 оқу жылының күзгі семестріне 347 шетелдік білім алушыны қабылдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2026–2027 оқу жылының күзгі семестріне ЕҰУ-не келген шетелдік білім алушылармен университет басшылығының кездесуі өтті.
Жаңа оқу жылында ЕҰУ-ның халықаралық білім алушылар қауымы 16 елден келген 347 студентпен толықты. Оның ішінде 252 студент «Welcome to ENU» кіріс академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында, ал 95 білім алушы Қос диплом бағдарламасы бойынша ЕҰУ-не келді.
Осы семестрде ЕҰУ АҚШ, Франция, Бельгия, Нидерланд, Испания, Корея Республикасы, Болгария, Словакия, Вьетнам, Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген студенттерді қабылдауда.
Шетелдік білім алушылар халықаралық қатынастар, шетел тілдері, ақпараттық технологиялар, құқықтану, экономика, сәулет, журналистика, психология, менеджмент, туризм, халықаралық құқық, аударма ісі және басқа да білім беру бағдарламалары бойынша білім алады.
Кездесу барысында студенттерге оқу процесін ұйымдастыру, жатақханада тұру ережелері, университеттің ғылыми, мәдени және қоғамдық өміріне қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметі туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында көші-қон және визалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қажетті құжаттарды рәсімдеу, уақытша тұруға рұқсат алу, елде болу мерзімдерін сақтау, көші-қон есебіне тұру және Қазақстан Республикасында шетел азаматтарының болуына байланысты басқа да рәсімдер түсіндірілді.
Жаңа қабылдау ЕҰУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастығын жүйелі түрде дамытудың нәтижесі болып табылады. Университет серіктестері қатарында Université Jean Moulin Lyon 3, Leiden University, Middlebury College, Université Catholique de Louvain, Paris Nanterre University, University of Granada, Minzu University of China, Gyeongsang National University, Shanghai International Studies University, Comenius University және Еуропа, Азия мен ТМД елдерінің көптеген басқа да жоғары оқу орындары бар.
Академиялық ұтқырлық студенттерге жаңа білім беру тәжірибесін алуға, Қазақстанның мәдениетімен танысуға, кәсіби және тұлғалық көкжиегін кеңейтуге, сондай-ақ ЕҰУ-ның көпұлтты қауымдастығының бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жаңа оқу жылына келген шетелдік студенттерді құттықтап, оларға оқуда табыс, жаңа достар, жарқын жаңалықтар мен ұмытылмас әсер тілейді!
