
«Каникулға кітаппен» марафоны қорытындыланды

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Каникулға кітаппен» оқу марафоны қорытындыланды. Жаз бойы өткен марафонның мақсаты – білім алушы оқырмандарды кітап оқуға ынталандыру, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру және жастар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру.
Марафон 2026 жылдың 10-маусымы мен 31-тамызы аралығында өтті. Негізгі ережесі:
- Жазғы демалыс барысында 5-10 көркем әдебиет шығармасын оқу;
- Әр кітап бойынша қысқаша пікір және ең әсерлі цитатаны әлеуметтік желіде пост немесе бейнеролик ретінде жариялау.
Марапаттау рәсімінде Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Әсетілдаұлы кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын тереңдететін маңызды рухани құндылық екенін атап өтті. Сондай-ақ, жастарды кітапты күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға шақырды.
Марафон қорытындысы бойынша ЕҰУ-дың 2-курс доктаранты Толғанай Насихатқызы «Үздік оқырман» атанды. Ал, Серік Гүлжамал, Айсина Айкыз, Рустемов Ерасыл және Умбетжанова Мерей белсенді қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға Ғылыми кітапхана жанынан ашылған Qasymkitap кітап дүкені ұсынған көркем әдебиеттер мен естелік сыйлықтар табысталды. Жазғы демалысын кітаппен өтізіп, марафонға белсенді қатысқан барша оқырманымызға алғыс білдіреміз!
