
ЕҰУ-де поляк және неміс тарихшылары Солтүстік Қазақстандағы арнайы қоныстанушылардың тарихын талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасында өткен Ғылыми семинар жұмысына қатысқан поляк және неміс тарихшылары Солтүстік Қазақстандағы арнайы қоныстанушылар тарихын талқылады.
«Солтүстік Қазақстанның тың игеруі және арнайы контингенті: ауызша нарратив және жаңа архивтік деректер» ғылыми жобасының мүшелері Польша, Варшава қаласындағы Ұлттық жад институтының архивінде жұмыс жасады. Іссапар барысында поляк ұлтына жататын бұрынғы арнайы қоныс аударушылардың архивтік материалдары мен естеліктері жинақталды.
Шараға магистранттар, докторанттар, Қазақстан тарихы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, университет қызметкерлері, сондай-ақ онлайн форматта жұмыс жасаған ғалымдар қатысты.
Модератор ретінде ғылыми семинарды Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Құралай Сейтказина жүргізіп отырды.
Халықаралық ғылыми семинардың мақсаты – Солтүстік Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылған халықтардың күнделікті өмір тарихына қатысты мәселелер мен тақырыптарды талқылау. Айта кетсек, поляктар мен немістердің Солтүстік Қазақстанға күштеп жер аударылғанына биылғы жылы 90 жыл толып отыр.
Семинар барысында төмендегі тақырыптар талқыланды: Солтүстік Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың күнделікті өмірінің ауызша тарихы; Солтүстік Қазақстанға халықтарды күштеп қоныс аудару тарихының күнделікті өмірге қатысты қырларының архивтік құжаттарда көрініс табуы; Солтүстік Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың күнделікті өмірінің тарихнамасы; Солтүстік Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың күнделікті өмірінің визуалды тарихы.
Семинарда тарих ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми жоба жетекшісі Арайлым Мусагалиева, Германиядан келген ғалым, Леонидовка еңбек қонысының бұрынғы тұрғыны Оскар Вальтер және Назарбаев Университетінің докторанты Иван Соколовский баяндама жасады.
Арайлым Мусагалиева «Солтүстік Қазақстанның еңбек қоныстарындағы арнайы қоныстанушылардың күнделікті өмірі» тақырыбында баяндама жасап, онда Солтүстік Қазақстанға поляктар мен немістердің жер аударылуы, олардың арнайы қоныстағы өмірі және Қазақстандағы тың игеру жұмыстарына қатысуы туралы баяндады.
Оскар Вальтер «1936 жылы немістердің Леонидовкаға жер аударылуы» тақырыбында баяндама жасады, ол сөйлеген сөзінде 1936-1956 жылдардағы халықтарды күштеп қоныстандыру тарихын толық қамтып, айтып шықты. Иван Соколовский «Миниатюрадағы өмір. Феликс Мостович шығармашылығындағы Қазақстан» тақырыбында баяндама жасап, жер аударылған халықтардың, оның ішінде, Ақмола облысы, Тайынша ауданы, Белоярка селосында туылған, бұрынғы арнайы қоныс аударушы Феликс Мостовичтің картиналарын визуалды репрезентация ретінде таныстырды.
Ғылыми семинар нәтижесінде зерттеудің өзекті мәселелері талқыланып, ғылыми нәтижелер мен архивтік материалдар алмасылды.
Семинардан кейін келесі күні ғылыми жобаға қатысушылар шетелдік ғалыммен бірге Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Леонидовка ауылына барды. Бұрынғы еңбек поселкесі 1936 жылы салынған. Сапар барысында ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауызша деректер жазылып алынды.
