
ЕҰУ UI GreenMetric 2026 әлемдік рейтингінде 861-орынға ие болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 110 елден қатысқан 2 016 университеттің арасында 861-орынға ие болып, UI GreenMetric World University Rankings 2026 халықаралық рейтингінде 10 000 мүмкін балдың ішінен 6 047,5 балл жинады.
Рейтинг нәтижелері 2026 жылғы 24 қыркүйекте Әзербайжанның Баку қаласындағы Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінде (ASOIU) өткен UI GreenMetric 2026 Results & Awards Ceremony халықаралық марапаттау рәсімінде ресми түрде жарияланды.
UI GreenMetric рейтингі университеттердің тұрақты даму саласындағы қызметін жеті негізгі критерий бойынша бағалайды: инфрақұрылым және аумақты жоспарлау, энергия және климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару, су ресурстары, көлік, білім беру және ғылыми зерттеулер, басқару және цифрландыру.
Қол жеткізілген нәтиже ЕҰУ-дың тұрақты даму қағидаттарын енгізу, кампустың экологиялық инфрақұрылымын жетілдіру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, энергия тиімділігін арттыру және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын білім беру, ғылыми-зерттеу және басқару қызметіне интеграциялау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Университет ISO 14001 халықаралық стандартына сәйкес экологиялық менеджмент жүйесін дамыту, экологиялық бастамаларды іске асыру, ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізу және білім алушылар мен қызметкерлер арасында тұрақты даму мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруда.
UI GreenMetric халықаралық рейтингіне қатысу және қол жеткізілген нәтиже Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жаһандық тұрақты даму күн тәртібіне белсенді қатысатынын және университеттің экологиялық әрі әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытындағы жүйелі қызметін көрсетеді.
UI GreenMetric World University Rankings 2026 рейтингінің нәтижелері рейтингтің ресми сайтында жарияланды: UI GreenMetric World University Rankings 2026 - UI GreenMetric
