
ЕҰУ ғалымдары Мәскеуде өткен геотехника жөніндегі халықаралық конференцияның тең ұйымдастырушылары болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Мәскеуде Ұлттық зерттеу Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің (НИУ ММҚУ) базасында өткен «Биік және жерасты құрылысындағы топырақ механикасы және геотехника» атты II халықаралық конференцияның тең ұйымдастырушылары болды.
Іс-шара «Құрылыс саласының болашағы: сын-қатерлер мен даму перспективалары» атты IV халықаралық ғылыми-практикалық симпозиум аясында ұйымдастырылып, әртүрлі елдерден геотехника саласының жетекші мамандарын, ғылыми қауымдастық өкілдерін және құрылыс индустриясының практиктерін біріктірді.
Конференция жұмысына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Геотехникалық институтының директоры, профессор Асқар Жүсіпбеков, ЕҰУ қауымдастырылған профессоры Абдулла Омаров, сондай-ақ құрылыс кафедрасының постдокторанты Анкит Гарг қатысты.
Конференция қатысушыларының басты назарында геотехникалық нысандарды зерттеу мен жобалаудың заманауи тәсілдері болды. Топырақтардың физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау, цифрлық модельдеу, есептік-эксперименттік әдістер және геотехникада жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жекелеген секциялар қадалы іргетастарды, терең тіректерді және жерасты құрылыстарын жобалауға, сондай-ақ күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда, соның ішінде құрылымдық байланыстары тұрақсыз және мәңгі тоң таралған аумақтарда құрылыс жүргізу мәселелеріне арналды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Асқар Жүсіпбеков конференция қатысушыларына «ГИС негізінде іргетас түрін таңдау үшін инженерлік-геологиялық жағдайларды бағалау» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама DP25997309 коммерцияландыру гранты аясында әзірленген «Қазақстанда құрылыс кезінде негіздер мен іргетастарды оңтайландыру үшін жасанды интеллект - геоақпараттық деректер базасын әзірлеу» жобасымен байланысты.
ЕҰУ қауымдастырылған профессоры Абдулла Омаров дрондар мен компьютерлік көру технологияларын пайдалана отырып, жеке қорғаныс құралдарын анықтауды эксперименттік бағалауға арналған дәріс оқыды.
Постдокторант Анкит Гарг «Ағаштан, сиыр көңінен, күріш қауызы мен тауық көңінен алынған биокөмірдің топырақтағы су мөлшеріне, матрицалық соруына және электрөткізгіштігіне салыстырмалы әсері» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін таныстырды.
ЕҰУ ғалымдарының конференцияны ұйымдастыруға және оның жұмысына қатысуы ғылыми біліммен, кәсіби тәжірибемен және заманауи зерттеу тәсілдерімен алмасуға маңызды мүмкіндік берді.
Іс-шараның НИУ ММҚУ базасында өткізілуі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ ЕҰУ-дың жетекші университеттермен және зерттеу орталықтарымен халықаралық байланыстарын кеңейтуге ықпал етеді.
