
ЕҰУ-дың Инклюзивті қолдау орталығы «1+2» моделі бойынша оқыту семинарын өткізді

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Инклюзивті қолдау орталығы «1+2» моделі аясында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар студенттерге қолдау көрсетуге арналған оқыту семинарын өткізді.
Іс-шара С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында университеттің «1+2» Model: Inclusive Volunteering Workshops жобасы аясында өтті. Семинардың негізгі мақсаттары –-инклюзивті білім беру мәдениетін дамыту, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар студенттерге қолдау көрсету бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру және білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасу.
ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы атап өткендей, жұмыстың негізгі бағыттарының бірі - жоғары оқу орындарында қолжетімді әрі инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру.
Семинар барысында ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығының жетекші -супервизоры Ерхан Ордабай қатысушыларға инклюзивті қолдаудың негізгі қағидаттарын таныстырып, «1+2» моделінің ерекшеліктері мен оны білім беру үдерісінде қолдану мүмкіндіктері туралы айтып берді. Студенттерге қолдау көрсету кезінде мамандардың, оқытушылардың, студент-белсенділердің және волонтерлердің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
Бағдарламаның практикалық бөлігінде бейнематериалдар арқылы ымдау тілінің негіздері оқытылды. «Асыл амал» қоғамдық қорының өкілі, II санатты реаниматолог дәрігер, хирург Нұрсұлтан Мусаев алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық сабақ өткізді.
Іс-шараның танымдық бөлігін ЕҰУ-дың 3-курс студенті Руслан Ержанов ұйымдастырған «Қазақстандағы ақша айналымының тарихы: үш дәуір – бір ел» атты нумизматикалық көрме толықтырды.
Семинар соңында қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, өз пікірлерімен бөлісіп, сауалнамаға қатысты. Сондай-ақ инклюзивті қолдау жүйесін одан әрі дамыту және білім алуда ерекше қажеттіліктері бар студенттерді қолдау тәжірибелерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
