
ЕҰУ шетелдік студенттерді «Welcome Party»-де біріктірді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шетелдік білім алушыларға арналған дәстүрлі «Welcome Party» кеші өтті. Іс-шараға «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық және қос диплом бағдарламалары аясында ЕҰУ-да білім алып жатқан жастар қатысты.
Кештің негізгі мақсаты – студенттерге қолайлы орта қалыптастыру, олардың жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасау, сондай-ақ университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру.
Бүгінде ЕҰУ-да әлемнің әр түкпірінен келген жастар білім алуда. Олардың қатарында Франция, Нидерланд, Түркия, Польша, Италия, Қытай, Корея Республикасы, Вьетнам, АҚШ, Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттердің азаматтары бар. Халықаралық студенттер құрамының кеңеюі университеттің білім беру кеңістігінің ауқымы артып келе жатқанын көрсетеді.
Бағдарлама барысында қатысушылар командалық ойындар мен танымдық тапсырмаларға қатысып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік алды. Шығармашылық бөлімде музыкалық және би қойылымдары ұсынылып, жастар өз өнерлерін ортаға салды.
ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы мәдениетаралық байланысты нығайтудың маңызына тоқталды.
«Халықаралық студенттермен жұмыс тек білім беру үдерісімен шектелмейді. Олардың университеттің қоғамдық өміріне араласуы, студенттермен еркін қарым-қатынас орнатуы және жаңа ортаға бейімделуі де маңызды. ЕҰУ шетелдік білім алушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және олардың университет қауымдастығына белсенді қосылуына қажетті мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді», – деді проректор.
Франциядағы Жан Мулен Лион университетінің (University of Jean Moulin Lyon) студенті Спинелли Франсуа кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, іс-шарадан алған әсерімен бөлісті.
«Welcome Party» маған ЕҰУ-дағы студенттік өмірдің ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді. Қазақстанның мәдениеті мен тіліне деген қызығушылығым одан әрі артты. Осындай кездесулер бізді жақындастырып қана қоймай, әр халықтың мәдениеті мен дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Әлемнің әр түкпірінен келген жастардың бір ортада бас қосуы достықтың шекара талғамайтынын тағы бір мәрте көрсетті», – деді ол.
Кеш соңында белсенділік танытқан командалар мен қатысушылар анықталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
