
ЕҰУ-да Қазақстан дипломатиясының өткені мен бүгіні талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстандағы сыртқы саясаттың дамуы: тарихи тәжірибе және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғылыми жиын Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі, мемлекет қайраткері, ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Төлеутай Сүлейменовтің 85 жылдығына арналды.
Конференцияны ЕҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультеті ұйымдастырды және жиынға факультет деканы Мирас Қосыбаев модераторлық етті. Іс-шараның басты мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін талқылау, тарихи тәжірибені саралау және қазіргі халықаралық қатынастар үдерістерін ғылыми тұрғыдан зерделеу.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың конференция қатысушылары мен Төлеутай Сүлейменовке арналған құттықтаулары оқылды.
«Құрметті Төлеутай Ысқақұлы! Сізді отандастарымыз көрнекті мемлекет қайраткері, тәжірибелі дипломат ретінде таниды, қадірлейді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі болып, дипломатиялық қызмет саласының негізін қалыптастыруға сіңірген еңбегіңіз өте мол. Америка Құрама Штаттарында, сондай-ақ еуропаның бірқатар елінде Төтенше және Өкілетті Елші лауазымын абыройлы атқарып, мемлекетіміздің әлемдік деңгейдегі беделінің артуына және маңызды халықаралық ұйымдармен сан-салалы қарым-қатынасының кеңейе түсуіне атсалыстыңыз. Еңбек жолыңызда ұлттық мүддені жоғары қойып, Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсете білдіңіз. Алдағы уақытта да ел-жұрттың ортасында мерейіңіз үстем болып, сый-құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін», - делінген Президент құттықтауында.
ЕҰУ ректоры міндетін атқарушы Ардақ Бейсенбай Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасу кезеңдерін зерделеудің, сондай-ақ қазіргі халықаралық қатынастардағы мәселелерді талқылаудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстанның сыртқы саясаты – еліміздің мемлекеттілік тарихымен, ұлттық мүдделерімен және халықаралық қоғамдастықтағы орнының қалыптасуымен тығыз байланысты бағыттардың бірі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан сыртқы саясаттың өзіндік моделін қалыптастырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық әрі өңірлік үдерістерге белсенді қатысуға бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асырды. Конференцияның маңыздылығы – осы тарихи тәжірибені ғылыми тұрғыдан саралап қана қоймай, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі өзгерістер жағдайында Қазақстанның сыртқы саясатының өзекті мәселелерін талқылауында. Баршаңызға мазмұнды пікірталас, нәтижелі жұмыс және ғылыми ізденістеріңізге табыс тілеймін», – деді Ардақ Бейсенбай.
Конференцияның маңызды бөлігі – Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуына және дамуына елеулі үлес қосқан Төлеутай Сүлейменовтің еңбегін ұлықтау рәсімі болды.
Ғылыми кеңестің шешімімен Төлеутай Сүлейменовке Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» медалі табысталды. Сонымен қатар оған ЕҰУ-дың құрметті профессоры атағы берілді.
Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, халықаралық қатынастар саласының сарапшылары, оқытушылар, зерттеушілер мен жас ғалымдар қатысты. Олар Қазақстанның сыртқы саясатының тарихи тәжірибесін саралап, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі өзгерістерге қатысты ғылыми пайымдарын ортаға салды.
Пленарлық мәжіліс соңында мемлекет қайраткері Төлеутай Сүлейменов сөз алып, конференцияны ұйымдастырған ЕҰУ басшылығына және өзі үш жылдан бері дәріс беретін Халықаралық қатынастар факультетіне өз ризашылығын білдірді және бүгінгі студент-жастардың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.
«Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Бүгінгі ұрпаққа аманатымыз – Қазақстанның бейбітшілік пен ынтымақтастыққа негізделген дипломатиялық бағытын жалғастыру», - деді мемлекет қайраткері.
Конференция жұмысы «Т.С.Сүлейменовтің дипломатиялық қызметі және Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Қазақстан қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде», «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы дипломатия және халықаралық ұйымдар» атты үш секция бойынша жалғасты. Секциялық отырыстар барысында қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен даму кезеңдерін, халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
