
«БІРЛІК КӨПІРІ»: ЖАСТАР АҒА БУЫННЫҢ АҚЫЛЫ МЕН ӨМІРЛІК ТӘЖІРИБЕСІНЕН ТАҒЫЛЫМ АЛДЫ

30 қыркүйек күні Астана қаласындағы Достық үйінде жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған « Бірлік көпірі» жобасы аясында іс-шара өтті.
Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Жоба аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтану мамандығының 1-курс студенттері топ кураторы С.Б.Тағаеваның бастауымен Достық үйіне арнайы танымдық экскурсиямен барды. Жастар этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен танысып, олардың мәдени құндылықтарды сақтау, этносаралық диалогты дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы қызметтерімен танысты.
Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі- Халықаралық қарттар күніне орай аға буын өкілдерімен ұйымдастырылған кездесу болды. Кездесу «Біз жастарға үлгіміз» тақырыбында өтті. Іс-шарада рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан Достық үйінің ардагерлеріне ерекше назар аударылды. Аға буын өкілдері жастармен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, тағылымды ақыл-кеңестерін жеткізді.
Жоба ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастардың аға буынға деген құрметін қалыптастыруға және құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды шара болды.
