
Қазақстан ғалымдары ҰЗУ ММҚҰУ-да (Мәскеу қаласы) өткен топырақ механикасы және геотехника жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты

2026 жылғы қыркүйек айында Ұлттық зерттеу Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінде (ҰЗУ ММҚҰУ) көрнекті ғалым, профессор З.Г. Тер-Мартиросянның құрметіне арналған «Биік және жерасты құрылысындағы топырақ механикасы және геотехника» атты II Халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады. Ауқымды ғылыми іс-шара 21–25 қыркүйек аралығында университетте өткен «Құрылыс саласының болашағы: сын-қатерлер және даму перспективалары» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық симпозиум аясында ұйымдастырылды.
«Құрылыс саласының болашағы: сын-қатерлер және даму перспективалары» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық симпозиумның алғашқы жұмыс күнінде іс-шараға қатысушылар алдында құттықтау және пленарлық баяндамалармен Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары, құрылыс саласы, инфрақұрылымды дамыту және ірі жобаларды іске асыру мәселелеріне жетекшілік ететін Марат Хуснуллин және Ресей Федерациясының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Ирек Файзуллин сөз сөйледі.
Олардың іс-шараға қатысуы ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар, жетекші жоғары оқу орындары және құрылыс саласының кәсіби өкілдерін біріктірген халықаралық ғылыми-практикалық іс-шараның жоғары деңгейі мен маңыздылығын айқындады.
Конференция көрнекті ғалым, РҒАҚҚ-ның құрметті академигі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Завен Григорьевич Тер-Мартиросянның туғанына 90 жыл толуына орайластырылуымен де ерекшеленді. Оның 60 жылдан астам уақытты қамтыған кәсіби қызметі МИҚИ –ММҚҰУ университетімен тығыз байланысты болды.
Завен Григорьевич топырақ массивтерінің кернеулі-деформациялық күйін зерттеудің заманауи тәсілдерінің негізін қалап, жоғары білікті мамандардың тұтас бір буынын даярлады.
Қатысушыларға құттықтау сөзін ҰЗУ ММҚҰУ ректоры Павел Акимов арнап, университеттің ғылыми мектебінің дәстүрлер сабақтастығын және З.Г. Тер-Мартиросян атындағы Геотехника ғылыми-зерттеу институтының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға жетекші отандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми комитет мүшелері және әртүрлі елдерден келген беделді баяндамашылар қатысты. Конференцияның құрметті қонақтары мен қатысушыларының қатарында:
- Фардин Джафарзадэ (Fardin Jafarzadeh) — Иран геотехникалық қоғамының президенті, Шариф технологиялық университеті (Тегеран, Иран);
- Махди Каркуш (Mahdi Karkush) — Бағдад университеті (Бағдад, Ирак);
- Чон Ку Канг (Jeong Ku Kang) — Инчхон университеті (Корея Республикасы);
- Дун-Шен Сюй (Dong-Sheng Xu) — Ухань технологиялық университеті (Қытай);
- Суман Манандхар (Suman Manandhar) — Катманду университеті (Дхуликхел, Непал);
- Аскар Жусупбеков (Askar Zhussupbekov) — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Геотехникалық институтының директоры (Астана, Қазақстан);
- Нилима Сатьям Девараконда (Neelima Satyam Devarakonda) — Индордағы Үнді технологиялық институты (Үндістан);
- Абдулла Омаров (Abdulla Omarov) — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, Қазақстан);
- Цюй Цзинь (Qu Jili) — Шанхай ғылым және технология университеті (Қытай);
- Айфер Эркен (Erken Ayfer) — Ыстамбұл техникалық университеті (Ыстамбұл, Түркия);
- Анкит Гарг (Ankit Garg) — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, Қазақстан);
- Tingjun Zhang — Сиань Цзяотун – Ливерпуль университеті (Қытай);
- Файзулла Икрамов (Fayzulla Ikramov) — Шароф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті (Самарқанд, Өзбекстан);
- сондай-ақ Ресей, Иран, Ирак, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Непал, Түркия, Қазақстан және Өзбекстаннан келген басқа да зерттеушілер қатысты.
Шетелдік қатысушылар мен қонақтар іс-шараны ұйымдастырушыларға, ҰЗУ ММҚҰУ ректоры Павел Акимовқа және ҰЗУ ММҚҰУ Ғылыми саясат басқармасының ғылыми қызметті дамыту жөніндегі жоспарлау бөлімінің бастығы Марат Магомедовке жоғары деңгейдегі қабылдау, қонақжайлылық және симпозиумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Іскерлік бағдарламамен қатар, делегаттар үшін ауқымды мәдени-танымдық және техникалық бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтар ҰЗУ ММҚҰУ -дың негізгі кампусындағы заманауи зертханаларды аралап, Горький атындағы саябақтың көріністерін тамашалай отырып, Мәскеу өзені бойымен теплоходта экскурсия жасады және Измайлов Кремлінде болды.
Сонымен қатар, шетелдік мамандар П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында Александр Чайковскийдің мерейтойлық концерті аясында ұйымдастырылған музыкалық бағдарламаны тамашалады.
Конференция бағдарламасы геотехника саласындағы өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтыды:
- Топырақтардың физикалық-механикалық қасиеттерін анықтаудың іргелі негіздері;
- Геотехникада цифрлық модельдеуді, есептік-эксперименттік әдістерді және жасанды интеллектті қолдану;
- Қадалы іргетастарды, терең тіректерді және жерасты құрылыстарын жобалау;
- Күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда құрылыс жүргізу, соның ішінде құрылымдық байланыстары тұрақсыз және мәңгі тоң таралған аумақтарда құрылыс салу;
- Сейсмикаға төзімді құрылыс және іргетастарды реконструкциялау мәселелері.
Конференцияның ҰЗУ ММҚҰУ қабырғасында өткізілуі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қаласы) мен Ұлттық зерттеу Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті (Мәскеу қаласы) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар, бұл іс-шара әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етті.
