
ЕҰУ студенттері ғылыми жобаларын республикалық байқауда таныстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығының ұйымдастыруымен студенттердің ғылыми жобалары мен зерттеулеріне арналған II республикалық конкурстың іріктеу кезеңі өтті.
Байқау ҚР Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылып, қаржы-банк секторын дамытуға бағытталған инновациялық идеялар мен ғылыми зерттеулерді қолдауды, студенттердің зерттеушілік әлеуетін арттыруды және қаржы саласындағы заманауи цифрлық шешімдерді дамытуға үлес қосуды мақсат етті.
Іріктеу кезеңіне ЕҰУ Экономика және туризм жоғары мектебінің студенттері 19 ғылыми жобаны ұсынды. Қатысушылардың зерттеу жұмыстары жасанды интеллектті қаржы саласында қолдану, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаржылық технологияларды дамыту және банк секторын цифрландыру сияқты өзекті бағыттарды қамтыды.
Жобаларды сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалап, ұсынылған зерттеулердің өзектілігіне, ғылыми жаңалығына және практикалық маңызына назар аударды.
ЕҰУ Инновацияларды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Азат Махмет байқаудың студенттердің ғылыми ізденісін қолдау және кәсіби дағдыларын дамытудағы маңызына тоқталды.
«Ғылыми жобамен жұмыс істеу студент үшін зерттеу жүргізумен ғана шектелмейді. Бұл – өз идеясын аудиторияға сауатты әрі түсінікті жеткізу, сарапшылардың пікірін тыңдау және алынған кері байланыс негізінде зерттеу жұмысын жетілдіру мүмкіндігі. Республикалық деңгейдегі ғылыми байқауларға қатысу арқылы студенттер зерттеушілік дағдыларын дамытып, тың идеяларын жүзеге асыруға және ғылыми ізденістерінің нәтижесін практикалық міндеттерді шешуге бағыттауға мүмкіндік алады. Университет тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсету студенттердің ғылыми ізденісін ынталандырып, олардың инновациялық әлеуетін дамытуға жол ашады», – деп атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен жобалардың авторларына дипломдар табысталып, жеңімпаздардың ғылыми жұмыстары конкурстың екінші кезеңіне жолдама алды.
