
ЕҰУ AIUTA халықаралық қауымдастығының аффилирленген мүшесі болып атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Үшінші жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығының (AIUTA) аффилирленген мүшесі мәртебесіне ие болды. Сертификат Қазақстанның заманауи университеттер қауымдастығына (ҚЗУҚ) мүше жоғары оқу орындарының әдіскерлері қатысқан халықаралық жұмыс кездесуі барысында Көкшетау университетінде табысталды.
Іс-шараға AIUTA президенті, профессор Франсуа Веллас, Тулуза университетінің ISTHIA директоры Сирилл Лапорт, қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері және үздіксіз білім беру саласының мамандары қатысты.
Кездесудің маңызды оқиғаларының бірі – профессор Франсуа Велластың Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне AIUTA-ның аффилирленген мүшесі мәртебесін бекіту туралы сертификатты табыстауы болды. Кездесу барысында «55+: әлемдегі ең ауқымды УНИВЕРСИТЕТ» атты кітап та таныстырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне арналған білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, аға жастағы адамдарға білім беру бағдарламаларын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ үздіксіз білім беру және өмір бойы білім алу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын қарастыру болды.
Халықаралық кездесуге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері де қатысты.
Шетел филологиясы кафедрасының профессоры Гүлнара Исмагулова «Lifelong Learning немесе Күміс университеттегі бейресми білім беру» тақырыбында баяндама жасап, «English for Seniors» оқу-әдістемелік кешенін таныстырды.
Үздіксіз білім беру институтының аға маманы Райхан Баймағомбетова Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Күміс университетінің білім беру, қарым-қатынас және белсенді қатысуға арналған ашық кеңістік ретіндегі қызметінің тәжірибесін таныстырды.
Кездесу барысында үшінші жастағы университеттердің қызметін ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне, аға буын тыңдаушыларына арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеудің заманауи тәсілдеріне, сондай-ақ олардың әлеуметтік белсенділігі мен одан әрі дамуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚЗУҚ-қа мүше университеттердің проректорлары мен әдіскерлерінің қатысуымен өткен секциялық жұмыс барысында ASEM Education and Research Hub for Lifelong Learning (ASEM LLL Hub) қызметі және үздіксіз білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚЗУҚ Президенті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры М. Сырлыбаев іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының атына Алғыс хат табыстады.
