
ЕҰУ-дың 30 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды

Еуразия ұлттық университеті мен «Қазпошта» АҚ университеттің 30 жылдығына арналған арнайы пошта маркасын шығарды.
Пошта маркасын айналымға енгізуге арналған салтанатты рәсімге университет ректоры Ерлан Сыдықов пен «Қазпошта» АҚ-ның пошта бизнесі жөніндегі операциялық директоры Бағлан Оразбай қатысты. Іс-шараға университет оқытушылары, ғалымдар, студенттер мен түлектер, сондай-ақ жұмыс беруші компаниялардың өкілдері қатысты.
Пошта маркасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасында басып шығарылды. Дизайн авторы – Гүлназ Тұлясова. Марканы дайындау барысында ультракүлгін бояу арқылы қорғаныс элементтері және ішінара лактау технологиясы қолданылған.
«Биыл Еуразия ұлттық университеті өзінің 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде университет үлкен жолдан өтіп, еліміздің жетекші білім және ғылым орталықтарының біріне айналды. Естелік пошта маркасының шығарылуы – ЕҰУ тарихының бір бөлшегі. Ол мерейтойлық датаны ұзақ жылдар бойы есте сақтауға мүмкіндік береді. Бұл марка отандық филателия тарихында өз орнын алып, университетіміздің тағы бір нышанына айналады деп сенемін», - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, ЕҰУ-ға арналған естелік пошта маркаларын шығару өзіндік дәстүрге айналып келеді. Бұған дейін Еуразия ұлттық университетінің 20 және 25 жылдығына, сондай-ақ көрнекті ғалым Лев Николаевич Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына орай пошта маркалары шығарылған болатын.
