
ЕҰУ Қоғамдық қабылдау: студенттердің сауалдарына жауап берілді

Жаңа оқу жылындағы алғашқы Қоғамдық қабылдау ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызының қатысуымен тікелей желі форматында өтті.
Қоғамдық қабылдауға университеттің Қабылдау комиссиясы, Студенттер үйлері, Психологиялық қолдау орталығы, Студенттерді әлеуметтік қолдау орталығы және басқа да жауапты құрылымдық бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында білім алушылар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және басқа да өзекті мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Көтерілген сұрақтарға жауап беріліп, тиісті бағыттар бойынша түсіндірмелер ұсынылды.
«Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – университет қауымдастығымен ашық әрі тікелей диалог орнату. Әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп қана қоймай, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын да қарастырамыз. Осындай ашық форматтағы кездесулер университет өміріндегі маңызды мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы уақытта да қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, университет қауымдастығымен кері байланысты одан әрі нығайта береміз», – деді проректор.
Қабылдау кезінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және тамақтандыру мәселелері көтерілді.
Студенттер үйінің директоры Азамат Жұматаевтың айтуынша, студенттер толықтай жатақханамен қамтылған, орналасу бойынша кезекте тұрған адам жоқ.
Сонымен қатар студенттердің тамақтануына қатысты да сұрақ қойылды. Жауап барысында тамақтану бағасы өткен жылғы деңгейде сақталғаны айтылды. Білім алушылар үшін ұйымдастырылған комплексті түскі ас, олардың қолжетімді әрі толыққанды тамақтануына мүмкіндік береді.
Келесі қоғамдық қабылдау 14 қазан күні Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Ерлан Сәбитовпен өтетінін естеріңізге саламыз.
