
ЕҰУ-да ұрпақтар сабақтастығы тоғызқұмалақ арқылы жалғасты

7 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тоғызқұмалақ арқылы ұрпақтар диалогы» атты кездесу өтті. Іс-шараны ЕҰУ-дың Үздіксіз білім беру институты мен Дене шынықтыру және спорт кафедрасы «Ұрпақтар диалогы» жобасы аясында ұйымдастырды.
Кездесу барысында тоғызқұмалақтан *VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы, ЕҰУ студенті Айдын Жакиев* тыңдаушыларға арнайы мастер-класс өткізді. Ол ұлттық зияткерлік ойынның ерекшеліктері мен ойын жүргізу тәсілдерін түсіндіріп, қатысушылармен бірнеше партия ойнады.
Айдын Жакиев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан командалық есепте алтын, жеке есепте күміс медаль иеленді. Жоғары спорттық жетістіктері үшін ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – *«Ерен еңбегі үшін» медалімен* марапатталды.
Іс-шараға Айдын Жакиевтің жаттықтырушысы, Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы, *ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Құланова Қ.Қ., сондай-ақ кафедра оқытушысы **Уалиева Айгерім Қанатқызы* қатысты. Құланова Қ.К. Айдын Жакиевтің жаттықтырушысы ретінде Құрмет грамотасымен марапатталды.
Кездесу соңында аға және жас буын өкілдері арасында тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылып, ұлттық ойын арқылы ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен өзара тәжірибе алмасу жалғасты.
