
ЕҰУ-да Алаш мұрасы мен Жошы Ұлысының тағылымы талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының 20 жылдығына арналған «Алаш Орда: Біртұтас түркі әлемнің қайта жаңғыруы және Жошы Ұлысының тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – «Алаш» қозғалысының мұрасын, оның идеялары мен ұлттық мемлекеттілік тәжірибесін түркі мемлекеттілігінің тарихи дәстүрлері мен Жошы Ұлысының мұрасы контексінде кешенді түрде зерделеу және қайта пайымдау, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан мен «Алаш» қайраткерлерінің ұлттық саяси ой-пікірді, мемлекеттілікті дамытуға және түркі тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға қосқан үлесін пайымдау.
Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония, Моңғолия және Ресейден тарихшылар, алаштанушылар мен түркітанушылар қатысты. Конференцияда Алаш қозғалысының тарихы, ұлттық мемлекеттілік идеясы, Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметі, түркі әлемінің тарихи сабақтастығы және Жошы Ұлысының мұрасы талқыланды.
Конференцияны ЕҰУ-дың «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Алтын Орда өркениеті кафедрасы және «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Пленарлық мәжілісті Құрылтай депутаты, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы жүргізді.
Халықаралық конференцияны ЕҰУ Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев ашып, тарихи жады мен ұлттық сананы қалыптастырудағы ғылыми зерттеулердің маңызын атап өтті.
«Бүгінгі конференцияның маңызы зор. Себебі «Алаш» қозғалысының мұрасы – халқымыздың тарихында ерекше орын алатын құндылық. Бұл тақырыпты Жошы Ұлысының тарихи мұрасымен байланыстыра зерттеу де ерекше маңызды. Өйткені ол Ұлы Даладағы мемлекеттілік дәстүрлерінің сабақтастығын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.Осындай ғылыми басқосулар тарихымызды терең тануға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін», - деді Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев.
Келесі кезекте сөз алған «Алаш» институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы Алаш тарихына қатысты жаңа деректер мен ғылыми пайымдарды ұсынды. Ал профессор Мақсат Алпысбес Алаш қозғалысы көсемдерінің ел болу ұстанымының өзектілігіне тоқталды.
«ЕҰУ-да Алтын Орда өркениеті кафедрасының ашылуы – Алтын Орда тарихын терең зерттеуге, ұлттық тарихи мұрамызды зерделеуге және оны халықаралық деңгейде танытуға жасалған маңызды қадам.Бүгінгі шара сол бағыттағы атқарылған істердің бірі. Мұндай халықаралық ғылыми жиындар отандық тарих ғылымының жаңа бағыттарын айқындап қана қоймай, түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде зерттеуге жол ашады. Алаш мұрасын терең зерделеу – өткенді тану ғана емес, елдіктің, мемлекеттіліктің және тәуелсіздік құндылықтарының тарихи негіздерін пайымдау болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – осындай халықаралық жиындар арқылы іргелі ғылыми зерттеулерді дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту», - деді профессор Мақсат Алпысбес.
Ғылыми басқосуда Дихан Қамзабекұлы Қошке Кемеңгерұлы мен Смағұл Садуақасұлы еңбектеріндегі ұлт тарихына, профессор Еркін Әбіл Алаш автономиясы мен Алаш Республикасының тарих субъектілігі мәселесіне назар аударып, шетелдік ғалымдар маңызды мәселелерді ортаға салды. Жапониялық ғалымдар Ниномия Такаши мен Хироюки Нагаминэ тарихи қолжазбалар мен Жошы ұрпақтарына қатысты деректерді талдады. Қырғызстандық профессор Зайнидин Құрманов «Алаш» партиясының Пішпектегі қызметі туралы баяндаса, түркиялық зерттеушілер Ердал Кучукялчин мен Әбдуақап Қара түркі халықтары мен Орталық Азия тарихының зерттелуі және әлихантану ғылымының қалыптасуы жөнінде ой бөлісті.
«Алаш қозғалысы мен оның жетекшілерінің тарихын халықаралық деңгейде зерттеп, насихаттап жүрген ғалымдардың бірі ретінде айтайын, Алаш қайраткерлері мен Алашорда үкіметі туралы негізгі тұжырымдарым «Алаш көсемдері – ұлттық сананың алтын діңгегі» дегенге келеді. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан мен Алаш ұғымы біздің бүгінгі ойлағанамыздан да терең және ауқымды.», - деп атап өтті түркиялық белгілі тарихшы, профессор Әбдуақап Қара.
Конференцияның маңызды бағыттарының бірі Жошы Ұлысының тарихына арналды. Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сабитов «1206-1359 жылдардағы Жошы Ұлысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі Сатай Сыздықов Жапониядағы түркітану зерттеулерінің даму кезеңдеріне тоқталды.
Ғылыми жиын барысында Алаш мұрасын жаңа деректер негізінде зерделеу, шетелдік мұрағат материалдарын ғылыми айналымға енгізу және ұлттық мемлекеттілік тарихын халықаралық зерттеулермен сабақтастыра қарастыру мәселелері көтерілді.
Алаш идеясы мен Жошы Ұлысының тарихи тәжірибесін бір ғылыми кеңістікте қарастыру қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын тереңірек пайымдауға мүмкіндік берді. Конференция аясында ғылыми кітаптар таныстырылып, зерттеушілер арасында пікір алмасу ұйымдастырылды.
Халықаралық конференция Алаш мұрасы мен Жошы Ұлысының өркениеттік тәжірибесін жаңа ғылыми деректер негізінде зерделеуге және ұлттық тарихты зерттеудің өзекті бағыттарын айқындауға елеулі үлес қосты.
Конференция BR28713777 «Қазақстанның тарихы мен географиясына қатысты жаңа деректер: талдау, аударма және ғылыми айналымға енгізу» жобасы аясында өткізілді.
