
ЕҰУ мен Шанхай политехникалық университеті ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Шанхай политехникалық университетінің Президенті Се Хуацин бастаған делегациямен ресми кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар білім беру және ғылым салаларындағы әріптестікті нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Қытай делегациясын ЕҰУ бас ғимаратының кіреберісінде Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Анастасия Кармелюк қарсы алды.
Сапар бағдарламасы аясында қонақтар Түркі жазба мәдениетінің тарихы музейіне барды. Музей меңгерушісі Тамара Қожамқұл делегация мүшелерін түркі өркениетінің жазба мұраларымен таныстырды. Қонақтар «Күлтегін» ескерткішін, «Күлтегін» кешенінен алынған тарихи тасты және Құтлық қағанның бас мүсінін тамашалап, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Кездесу ЕҰУ-дың Ғылыми кеңес залында жалғасты. Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов пен Шанхай политехникалық университетінің Президенті Се Хуацин өзара құттықтау сөз сөйлеп, екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
«Біз Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шанхай политехникалық университетімен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береміз. Білім беру мен ғылым саласындағы әріптестігіміз академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз үшін жол ашатыны анық. Бүгінгі кездесу өзара тиімді серіктестігіміздің жаңа кезеңіне бастау болатынына сенемін», – деді Ерлан Сыдықов.
Өз кезегінде сөз алған Шанхай политехникалық университетінің Президенті Се Хуацин университет ұжымын 30 жылдық мерейтойымен құттықтай келіп, оқу орны даярлайтын мамандықтар жөнінде айтты.
«1960 жылы құрылған Шанхай политехникалық университеті инженерлік-техникалық ғылымдар, қолданбалы инженерия, материалтану, экономика, менеджмент және дизайн бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Университет қызметінде теориялық білімді практикалық даярлықпен ұштастыруға және өндіріс орындарымен байланысты дамытуға басымдық беріледі», - деді Се Хуацин.
Тараптар инженерлік-техникалық ғылымдар, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, зияткерлік өндіріс, жаңа материалдар және экологиялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар студенттер мен докторанттардың академиялық ұтқырлығын дамыту, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен зерттеулер жүргізу және жазғы-қысқы мектептер өткізу мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді. Шанхай политехникалық университетінің Президенті Се Хуацин ЕҰУ ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықовты Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.
Бұл шақыру екі университет арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған өзара диалогтың жалғасын білдіреді.
ЕҰУ үшін халықаралық жоғары оқу орындарымен әріптестік орнату – білім беру сапасын арттырудың, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытудың және студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық академиялық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды бағыттарының бірі.
