
Журналистика және медиаөнер кафедрасының докторанты ғылыми дерекқорлармен жұмыс істеу әдіснамасы бойынша ашық сабақ өткізді

2026 жылғы 8 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және медиаөнер кафедрасының 2-курс докторанты Айсұлу Алкожаева «7М03211 – Халықаралық журналистика» білім беру бағдарламасының магистранттарына арналған ашық сабақ өткізді. Профессор Ғ.М. Ақсейіттің жетекшілігімен ұйымдастырылған педагогикалық практика «Ғылыми деректерге қол жеткізудің бастаулары мен әдістері» тақырыбына арналды.
Сабақтың академиялық мақсаты – білім алушылардың ғылыми ақпаратты жүйелі іздеу, сыни бағалау және зерттеу жұмыстарында тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру. Дәріс барысында Google Scholar, Scopus және Web of Science халықаралық ғылымиметрикалық базаларымен жұмыс істеу алгоритмдері талданды. Сонымен қатар, Boolean операторларын қолдану арқылы іздеу процесін оңтайландыру және ғылыми мақалалардың сапасын верификациялау әдістері көрсетілді.
Практикалық бөлімде қатысушылар CRAAP әдіснамасын қолдана отырып, ақпарат көздерінің сенімділігін бағалау дағдыларын бекітті. Бұған қоса, ғылыми мақалалардың библиографиялық метадеректерін және DOI идентификаторларын дұрыс анықтау тәжірибесі пысықталды. Сабақ қорытындысы бойынша кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы сабақтың әдіснамалық деңгейіне жоғары баға беріп, тиісті академиялық ұсыныстарын білдірді.
