
ЕҰУ ғалымының Қазақстандағы қауіпсіз құрылысқа арналған әзірлемелері Иракта таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Асқар Жүсіпбеков Ирактың Бағдад университетінде өткен VI Халықаралық геотехникалық конференцияның негізгі лекторларының бірі болды. Іс-шараға әлемнің 15 елінен 600-ден астам маман мен зерттеуші қатысты.
Асқар Жүсіпбеков - Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, ЕҰУ сәулет-құрылыс факультетінің «Құрылыс» кафедрасының профессоры және Геотехникалық институттың директоры. Конференцияда ол «Зертханалық және далалық сынақ нәтижелерін интерпретациялау негізінде ГАЖ технологияларын пайдалана отырып, іргетастарды оңтайландыру» тақырыбында баяндама жасады.
Дәріс DP25997309 «Қазақстандағы құрылыс кезінде негіздер мен іргетастарды оңтайландыруға арналған геоақпараттық деректер базасын — жасанды интеллектіні әзірлеу» коммерцияландыру жобасы аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне негізделді.
Жобаның практикалық маңыздылығы - күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларымен ерекшеленетін Қазақстанның бес қаласы: Алматы, Астана, Павлодар, Ақтау және Түркістан үшін геоақпараттық деректер базасын әзірлеу және енгізу. Жүйеде аумақтардың инженерлік-геологиялық ерекшеліктері мен топырақ негіздерінің көтергіштік қабілеті туралы мәліметтер жинақталады. Бұл ғимараттар мен құрылыстардың жобаларын техникалық-экономикалық негіздеу кезеңінде жергілікті жағдайларды ескере отырып, іргетастың оңтайлы түрін таңдауға және оның геометриялық параметрлерін анықтауға мүмкіндік береді.
Баяндамада сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан әрі белсенді тектоникалық жарылымдармен сипатталатын еліміздің ірі мегаполисі Алматы қаласына арналған геоақпараттық деректер базасын қалыптастыру нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Топырақ негіздерінің көтергіштік қабілеті мен деформациялану қасиеттерін дәл бағалау, әсіресе сейсмикалық белсенділігі жоғары және күрделі инженерлік-геологиялық жағдайлары бар аумақтарда ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Конференция аясында ЕҰУ-дың шақырылған профессорлары да негізгі лекциялар оқыды. Техника ғылымдарының докторы, Қытайдағы Ухань технологиялық университетінің Азаматтық құрылыс және сәулет мектебінің деканы Dongsheng Xu «Geotechnical Health Monitoring Using Fiber Optic Sensors» («Геотехникалық нысандардың жай-күйін талшықты-оптикалық датчиктер арқылы мониторингтеу») тақырыбында дәріс ұсынды.
Бағдад университетінің ғылыми жобалар мен зерттеулер департаментінің басшысы, профессор, техника ғылымдарының докторы Mahdi Karkush Ирак геотехникалық қауымдастығының даму тәжірибесі және Бағдад университетіндегі ғылыми зерттеулер туралы баяндама жасады.
Иран геотехникалық қауымдастығының президенті, профессор Fardin Jafarzadeh «Biological Stabilization of Wind-Erodible and Saline Dust-Source Soils; Regional Case Studies: Lake Urmia and Dust from Iraq into Iran» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама жел эрозиясына бейім және тұзды шаң түзетін топырақтарды биологиялық тұрақтандыруға, соның ішінде Урмия көлі маңындағы және Ирактан Иранға таралатын шаңға қатысты өңірлік зерттеулерге арналды.
Мәскеудегі Герсеванов атындағы НИИОСП директоры, техника ғылымдарының докторы Rafael Sharafutdinov «Bearing Capacity of Pile Foundations Interacting with Soil Masses» («Топырақ массивтерімен өзара әрекеттесетін қадалы іргетастардың көтергіштік қабілеті») тақырыбында дәріс оқыды.
Шетелдік лекторларға арналған техникалық экскурсия барысында Ирактың мәдени мұра нысандары, соның ішінде Самарра қаласындағы Малвия мұнарасы (Samarra Malwiya) мен Әл-Аскария қасиетті орны (Al-Askari Shrine) таныстырылды.
Конференция соңында профессор Асқар Жүсіпбеков ирактық және шетелдік әріптестерін геоақпараттық деректер базасын әзірлеу мен қолдануға арналған халықаралық геотехникалық воркшопқа қатысуға шақырды. Шетелдік мамандардың қатысуымен өтетін іс-шара 2026 жылғы қарашада Түркістан қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған.
