
ЕҰУ қызметкерлеріне арналған психологиялық тимбилдинг Зерендіде өтті

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай Зеренді ауданындағы «Тұмар» оқу-сауықтыру кешенінде «Сенім және қолдау аумағы» психологиялық тимбилдингі өтті. Іс-шараны Студенттік және қызметтік тұрғын үй департаменті мен Психологиялық қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Тимбилдингке Студенттік және қызметтік тұрғын үй департаментінің қызметкерлері, студенттік кеңес мүшелері, Риск-менеджмент қызметі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің өкілдері қатысты.
Бағдарлама орман аясында өткен команданы біріктіруге арналған психологиялық тренингтен басталды. Табиғат аясындағы белсенді жаттығулар мен командалық тапсырмалар қатысушылар арасындағы өзара сенімді нығайтуға, бір-бірін тыңдауға, ортақ шешім қабылдауға және тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталды.
Кешкі уақытта Ақмарал Сақтағанованың жүргізуімен арт-терапиялық мастер-класс ұйымдастырылды. Шығармашылық жұмыс барысында қатысушылар өздерінің эмоциялық жағдайына назар аударып, ішкі сезімдерін өнер арқылы бейнелеуге және күнделікті күйзелістен арылуға мүмкіндік алды.
Келесі күн Толғанай Тоғым өткізген «Арқа саулығы: ауырсынусыз қозғалыс» атты таңғы фитнес-жаттығудан басталды. Жаттығу дене белсенділігін арттыруға, арқа бұлшықеттерін шынықтыруға және күнді сергек көңіл күймен бастауға бағытталды.
Бағдарлама аясында білім алушыларға алғашқы психологиялық көмек көрсету тақырыбында оқыту семинары өткізілді. Семинар барысында психологиялық қолдауды қажет ететін білім алушының жағдайын байқау, онымен дұрыс қарым-қатынас орнату, мұқият тыңдау және қажетті көмекке бағыттау жолдары түсіндірілді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қатысушылар Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесін талқылады. Шығармадағы адам тағдыры, еңбек, шеберлік, ішкі тартыс және адамгершілік құндылықтар туралы пікір алмасты. Сондай-ақ кітап бұрышына кітаптар сыйлау акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен жалғасты. Қатысушылар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға атсалысып, табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын көрсетті.
Психологиялық тимбилдинг соңында қатысушыларға сертификаттар, ал іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан мамандар мен қонақтарға алғыс хаттар табысталды.
Екі күндік кездесу қатысушылардың өзара байланысын нығайтып, пайдалы тәжірибе алмасуына, психологиялық және физикалық саулыққа көңіл бөлуіне мүмкіндік берді.
