
ЕҰУ түлектеріне «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының мүмкіндіктері таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бітіруші курс білім алушылары мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті өкілдерінің кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – талантты әрі белсенді жастарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың мемлекеттік қызмет саласына деген қызығушылығын арттыру, кәсіби әлеуетін дамытуға бағыт-бағдар беру және «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы арқылы мемлекеттік органдарда тәжірибеден өтіп, алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктерімен таныстыру.
Кездесуге Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Байжұман Қашхынбай қатысты. Ол бітіруші түлектер үшін мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктері мен жастардың кәсіби қалыптасуындағы осындай жобалардың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызметке орналасу жолдары, жастарды мемлекеттік басқару саласына тарту және болашақ мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Ал департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әлия Смағұлова «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының негізгі бағыттары мен қатысу кезеңдерін таныстырды. Атап айтқанда, жобаға қатысуға өтінім беру, белгіленген тақырыптар бойынша эссе жазу, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарында дайындық бағдарламасынан өту, өндірістік практикаға негізделген жобаны қорғау, мемлекеттік органдарда тәжірибеден өту және мемлекеттік қызметке іріктеу тестілеуінен өту тәртібі түсіндірілді.
Сонымен қатар студенттерге мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі мен заңнамада көзделген талаптар туралы ақпарат берілді. Жоба аясында талантты жастардың әлеуетін анықтау, олардың практикалық тәжірибесін қалыптастыру және мемлекеттік қызметке кәсіби тұрғыдан даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қуанышты жаңалық та жарияланды. ЕҰУ түлегі, Экономика факультетінің «Менеджмент» кафедрасының түлегі әрі «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының қатысушысы Нариман Оңғарбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасында қызметіне кірісті.
Бұл – университет түлектері үшін мемлекеттік қызмет саласында кәсіби жолын бастауға және алған білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік бар екенін көрсететін маңызды жетістік.
Кездесу соңында бітіруші курс білім алушылары мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
