
ЕҰУ-де «Билер соты: Ұлы даладағы заң мен тәртіп» тақырыбында ашық кураторлық сағат өтті

2026 жылғы 12 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Билер соты: Ұлы даладағы заң мен тәртіп» тақырыбында ашық кураторлық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шараны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасының 2-курс магистранттары Ислам Байрамов пен Камиль Абдуллаев ұйымдастырып, өткізді. Ашық кураторлық сағат Саясаттану кафедрасының 4-курс бакалавриат студенттеріне арналып, олардың ұлттық құқықтық дәстүрлер туралы білімін тереңдетуге бағытталды.
Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – студенттерге қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесін, билер институтының тарихи маңызын түсіндіру, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шара барысында қазақ қоғамындағы билер сотының қызметі, билердің дау-дамайларды шешудегі рөлі, әділдік пен шешендік өнердің маңызы талқыланды. Сонымен қатар Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің қазақ қоғамындағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық келісімді сақтауға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.
Ашық сабақ интерактивті форматта өткізіліп, студенттер тақырып бойынша пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді. Алған білімдерін бекіту мақсатында Kahoot платформасы арқылы арнайы танымдық викторина ұйымдастырылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар билер сотының тарихи тәжірибесі мен қазіргі қоғамдағы заң үстемдігі, әділдік және қоғамдық келісім қағидаттарының өзара сабақтастығын атап өтті.
Ашық кураторлық сағат студенттердің ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын тереңірек түсінуге бағытталды.
