
ЕҰУ-да жазушы Алдан Смайылдың 80 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Президент аудиториясында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың 80 жасқа толуына орай «Әдебиет және ұлттық мұрат» атты шығармашылық кеш өтті.
Мерейтойлық шара қаламгердің «Айттым сәлем, Қаламқас» қойылымынан алынған үзіндімен ашылды. Оны «Шаңырақ» халық театрының әртістері сахналады. Кештің модераторы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай кіріспе сөз сөйлеп, мерейтойлық жиынды жүргізді.
Шара барысында жазушыға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Вице-Президент Ерлан Қарин, Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай, Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ұлытау облысының әкімі Есет Бәйкеннің құттықтаулары табысталды. Сондай-ақ Жаңаарқа ауданы делегациясының құттықтауы жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешев те қаламгерді мерейтойымен құттықтады. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы табыстады.
Кештің баяндамалар бөлімінде ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Смаилов, қоғам қайраткері Шавхат Өтемісов және ақын, филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Әскербекқызы сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылығы мен әдебиеттегі орны туралы ойларын ортаға салды.
«Алдан Смайыл – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер. Оның шығармашылығына елдік мүдде, ұлттық болмыс, тарихи таным мен рухани құндылықтар арқау болады. Жазушының туындылары оқырманды өткен тарихты терең түсінуге, бүгінгі қоғамның рухани бағдарын бағамдауға жетелейді. Сондықтан қаламгердің мерейтойына арналған мұндай кездесулер әдеби мұраны насихаттап қана қоймай, жас ұрпақтың кітапқа, көркем сөзге және ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді», - деді жазушы Жолтай Әлмашұлы.
Мерейтойлық кеште университет жастары Алдан Смайылдың өлеңдерін жатқа оқыса, шығармашылық кештің шырайын Ұлытау облысының өнерпаздары жалғастырды. Ал жиынның қорытынды бөлімінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, Ғылыми кеңестің шешімімен жазушы Алдан Смайылға ЕҰУ-дың құрметті профессоры атағы берілді.
