
ЕҰУ-де стандарттау тақырыбында ғылыми форум ұйымдастырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Дүниежүзілік стандарттар күніне орай «Мен және стандарттар: ел болашағына қосқан үлесім» атты ғылыми-практикалық форум өтті. Іс-шараны ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасы ұйымдастырды. Форумға мемлекеттік органдардың, ұлттық ұйымдардың, ғылыми және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Форумның ашылуында ЕҰУ-дің ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев стандарттаудың экономикалық өсім мен технологиялық жаңарудағы маңызына тоқталды.
«Бүгінде стандарттау экономикалық өсудің, технологиялық жаңарудың және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторларының біріне айналды. Халықаралық стандарттарды енгізу өнім мен қызмет сапасын арттыруға, өндіріс үдерістерін жетілдіруге және жаңа технологияларды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан стандарттау саласында білікті мамандар даярлау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және жастардың осы бағыттағы зерттеулеріне қолдау көрсету маңызды», – деді проректор.
Өз кезегінде көлік-энергетика факультетінің деканы Умиржан Кокаев инженерлік кадрларды даярлауда білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті.
«Еліміздің экономикалық дамуы мен өндірісті жаңғырту білікті инженерлік кадрларды даярлаумен тығыз байланысты. Біздің факультет пен „Стандарттау, сертификаттау және метрология“ кафедрасы осы бағытқа өз үлесін қосып келеді. Кафедра түлектерінің 90 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұған жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату және студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі ықпал етеді.
2026–2027 оқу жылынан бастап стандарттау және метрология бағыты бойынша қосымша біліктілік бағдарламасы іске қосылды», – деді Умиржан Кокаев.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті басқармасының басшысы Гульнара Яшкина халықаралық стандарттау саласындағы жаңа үрдістерге тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық технологияларды стандарттау жүйесіне енгізу ақпаратты өңдеу мен алмасуды жеңілдетіп, өндіріс үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұлттық стандарттау жүйесін цифрлық ортаға бейімдеу және халықаралық стандарттарды әзірлеуге қатысу саланың дамуы үшін маңызды.
Форум аясында кафедра студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырды. Олар «Смарт-стандарттар: өнеркәсіптік трансформацияның цифрлық негізі», «Цифрлық метрология: Индустрия 4.0 дәуіріндегі дәлдік» және «Тұрақты даму: тәуекелдерден мүмкіндіктерге» тақырыптарында жобаларын ұсынды. Зерттеу жұмыстары стандарттаудың өндірісті цифрландырудағы, технологиялық үдерістердің дәлдігін қамтамасыз етудегі және тұрақты даму міндеттерін іске асырудағы рөлін қамтыды.
Форум стандарттау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, студенттердің ғылыми бастамаларын қолдауға және білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
