
«Таңдау: мамандық пен мүмкіндік, мансап және отбасы» тақырыбы айналасында кездесу өтті

2026 жылы 15 қазанда практикалық қазақ тілі кафедрасы «Таңдау: мансап және отбасы (мамандық және мүмкіндік)» атты танымдық-тәрбиелік сабағын өткізді. Іс-шараға қонақ ретінде әдебиетші, ғалым және аудармашы, Phd Жанбота Кәріпбай шақырылып, практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., проф. Қуандық Құлманов, ф.ғ.к., доценттер Гүлбайра Өтелбай, Алтынай Әшенова және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ орыс бөлімі «аударма ісі», «қытай филологиясы», «туризм», «сәулет» мамандықтарының 1-курс студенттері қатысты.
Шараны Қуандық Сәндібекұлы ашып қонақты таныстырды. Алдымен сабақ тақырыбына қарай Жанбота Тасболатұлының білімі, кәсібі туралы баяндалды. Мектепті орысша оқып, ЖОО-да «экономика» мамандығын да орыс тілінде бітірген. Кәсіпкерлікпен, экономикамен айналысып 38 жасында өзі армандаған «қазақ әдебиеті» мамандығының магистратурасына түседі. Одан кейін аталған мамандықтың докторантурасын бітіріп Phd дәрежесін алады. Қазіргі уақытта студенттердің білікті әдебиеттанушы ұстазы, қос тілге бірдей жетік белгілі ғалым, аудармашы, ағылшын тілімен айналысады.
Арх-14 тобының студенті Кабдолла Рамина «таңдау» тақырыбына слайд жүргізіп, мамандық, мүмкіндік, мансап, қабілет туралы шолу жасаған соң, қонақтың пікірі тыңдалды. Жанбота Тасболатұлы мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы туралы айта келе,ол үшін отбасының қаншалықты рөлі барына, адамның өз қалауына мән беріп, шешім қабылдауына, шығармашылығы мен қабілетіне қатысты тұщымды ойлар айтты. Ол орысша оқығанмен ана тілінде жетік сөйлеп, аударма ісімен айналысатынын мәлімдей келе, қай кезде болсын көп кітап оқудың пайдасына, кітаптың арқасында ана тілінде таза сөйлеудің артықшылығына тоқталып өтті.
Кездесу барысында білім алушылар Манас Ажар (КЯ-14), Мырзабек Ділназ (КЯ-14) және Каримова Чарос (ПД-12) тарапынан қонаққа сауалдар қойылып, өзге сұрақтар айналасында сұқбат жүргізілді:
Екінші мамандықты таңдағанда неше жаста болдыңыз?
Осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды, не әсер етті?
Алғашқы мамандықпен жұмыс істедіңіз бе?
Басқа мамандыққа ауысуға жүрексінген жоқсыз ба?
Қазір қазақ тілінде ғылыми мақала жазу қиын емес пе?
Мамандық өзгерткенде жақындарыңыз қалай қабылдады?
Кей отбасыда білімі жоғары әйел адам тек үй тірлігімен шектеледі. Бұған көзқарасыңыз қалай?
Мамандық таңдау туралы балаларыңызға кеңес бересіз бе?
Қосымша қандай өнеріңіз немесе хоббиіңіз бар?
Мүмкіндік берілсе, тағы мамандық ауыстырғысы келетін жастарға не айтасыз?
Сауалдарға жауап беру сәтінде Жанбота Кәріпбай өміріндегі қызықты әрі маңызды оқиғалармен бөлісті. Аудиторияға саналы түрде немесе жүрек қалауымен таңдалған әрі адамның жанына рухани азық беретін шешім ешқашан кеш, яки қате болмайтынын және ешкімді адастырмайтынын айтты.
