
«Шешендік сөздің сапалық белгілері» тақырыбында ашық сабақ өткізді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінің 2-курс студенттеріне арналған педагогикалық практика аясында магистрант Жұпарбек Г. пән мұғалімі және практика жетекшісі PhD, доцент м.а Саликжанова Ш.Б. жетекшілігімен «Іскерлік шешендік өнер» пәнінен «Шешендік сөздің сапалық белгілері» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Практикалық сабақтың басты мақсаты – студенттерге шешендік сөздің сапалық белгілерін жан-жақты түсіндіріп, оны тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ «Джигсо» әдісі арқылы топтық өзара оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру болды.
Сабақ барысында заманауи интерактивті әдістер кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, сабақ басында Classroomscreen.com платформасы арқылы өткен тақырыптар пысықталып, аудиторияның назары толығымен жаңа тақырыпқа аударылды. Содан кейін «Джигсо» әдісі бойынша топтық жұмыс ұйымдастырылып, студенттер 4 топқа бөлінді. Бұл кезеңде 1-топ А. Байтұрсынұлының шешен сөз түрлеріне сипаттама берсе, 2-топ Бұқар жыраудың толғауын 6 сапалық белгі бойынша талдады. Ал 3-топ «Төле бидің төрелігі» негізінде қызықты рөлдік ойын көрсетіп, 4-топ Абай Құнанбайұлының өлеңіндегі көндіру сөздерді талдады.
Студенттердің қызығушылығын оятып, импровизациялық шешендігін шыңдау мақсатында http://speak.larannma.ru/ интерактивті платформасы қолданылып, ерекше сергіту сәті өткізілді. Тапсырма шарты бойынша студенттер сайт ұсынған кездейсоқ тақырыпқа 30 секунд ішінде дайындалып, 1 минут бойы мүдірмей өз ойларын шебер жеткізді. Студенттер бұл тапсырманы аса жоғары белсенділікпен орындап, тамаша нәтиже көрсетті. Одан кейін жұптық тапсырма ретінде әлем және қазақ ғалымдарының пікірлері талқыланып, жұптар өз ойларын ортақ тұжырыммен қорытындылады.
Сабақ соңында Google Forms платформасы арқылы кері байланыс алынды. Бұл ашық сабақ теория мен практиканы тығыз ұштастыра отырып, болашақ мамандардың ауызша сөйлеу, сын тұрғысынан ойлау, импровизация жасау және ұжымдық жауапкершілік дағдыларын дамытуға үлес қосты.
