
ЕҰУ-де «Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде» тақырыбында ашық сабақ өткізілді

2026 жылғы 16 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастарға кіріспе» пәні аясында «Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Сабақты аға оқытушы Исаева А. У. жетекшілігімен докторант Алишер Омар «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының бірінші курсындағы 19/1 тобының студенттерімен жүргізді.
Ашық сабақтың негізгі мақсаты Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын кешенді түрде қарастыру, мемлекеттің сыртқы саясатының басымдықтарын талдау және оның жаһандық әрі өңірлік үдерістердегі рөлін халықаралық қатынастар теориялары тұрғысынан зерделеу болды. Сабақ мазмұны студенттердің халықаралық саяси үдерістер туралы теориялық білімдерін тереңдетуге, оларды Қазақстанның сыртқы саяси тәжірибесімен байланыстыруға және күрделі халықаралық мәселелерге аналитикалық тұрғыдан баға беру дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Сабақ барысында студенттер Қазақстанның ұлттық мүдделері мен көпвекторлы сыртқы саясаты, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы, өңірлік интеграцияға қатысуы және жаһандық саясаттағы бастамалары сияқты өзекті мәселелерді қарастырды. Дайындалған презентациялар аясында студенттер зерттелетін тақырыптардың негізгі аспектілерін жүйелеп қана қоймай, халықаралық қатынастардың теориялық тұжырымдамаларын нақты мысалдарды талдауда қолдануға және өз көзқарастарын дәлелді түрде ұсынуға мүмкіндік алды. Бұл жұмыс олардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, академиялық пікірталасқа қатысу және халықаралық саяси құбылыстар арасындағы өзара байланысты анықтау дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Ашық сабақтың мазмұны мен ұйымдастырылуы теориялық білім мен практикалық талдаудың өзара байланысына негізделді. Студенттердің белсенділігі, презентацияларға дайындығы және талқылауға қатысуы олардың пәнге деген қызығушылығын әрі оқу тапсырмаларына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Осындай академиялық формат болашақ халықаралық қатынастар мамандарының кәсіби ойлауын дамытуға, өз ұстанымдарын ғылыми негізде дәлелдеуге және Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын кеңірек түсінуге мүмкіндік береді.
