
ЕҰУ және техникалық реттеу мен метрология комитеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Еуразия ұлттық университеті мен сауда және индустрия министрлігінің техникалық реттеу және метрология Комитеті Дүниежүзілік сапа күні аясында жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ләззат Нұрқатова және ҚР сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология Комитетінің төрағасы Қуаныш Еікбаев қол қойды.

Іс-шараға «Стандарттау және сертификаттау» және «Метрология» білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттер, Ұлттық аккредиттеу орталығының, «КазСтандарт» РМК өкілдері, кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
СиС-32 тобының 3 курс студенттері, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» студенттік клубының мүшелері Дүниежүзілік сапа күніне бейнеролик дайындады. Олар Астана қаласының супермаркеттерін сатып алушылар арасында тауарлар мен қызметтердің сапасы мәселелері бойынша сауалнама нәтижелерін ұсынды.
Оңтүстік Корея университетінде академиялық ұтқырлық аясында оқу жылының бірінші семестрінде оқыған Жаннұр Аукенова «Менің Оңтүстік Кореядағы оқуым: жоғары білімнің сапасы мен дәстүрлері» атты презентация жасады.
Сондай-ақ, 2 және 3 курс студенттері арасында викторина өтті, қабырға газеттері байқауы өтті. Жеңімпаздар ҚР ИСМ ТРМК грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде әлемде Сапа күні атап өтіледі. Бұл Еуразия ұлттық университеті үшін де дәстүрге айналды. Тоғызыншы қарашада ЕҰУ Ғылыми кеңесінің залында Дүниежүзілік сапа күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ұйымдастырушылар - ЕҰУ Көлік-энергетика факультеті «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасы және ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті.
