
Мемлекеттік қызметке – меритократия қағидаттары бойынша
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Еуразия ұлттық университетінің бітіруші курс студенттерімен кездесті және оларға оқу бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке кіру шарттары туралы айтып берді.
Кездесуді ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ЖОО түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие екенін және жақсы компанияларға жұмысқа орналасатынын атап өтті.
«Сіздердің көпшілігіңіз білікті маман, жан-жақты дамыған тұлға болып, еліңізге қызмет ету үшін ЕҰУ-ге оқуға түскендеріңізге сенімдімін. Сіздердің әрқайсысыңыз жақсы жұмысқа орналасуды армандайсыз. Бұл үшін университетімізде қажетті жағдай жасалған. Соның нәтижесінде бүгінде ЕҰУ түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 97 пайызды құрап отыр, - деді Е. Сыдықов.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев жүйедегі жаңашылдық туралы айтты, биылдан бастап оқу үлгерімі жоғары, грантта білім алған ЖОО түлектері аудандардың, ауылдық жерлердің және облыстық маңызы бар қалалардың мемлекеттік аппаратына конкурссыз қызметке орналаса алатындығын жеткізді. Сондай-ақ қоғамға бәсекеге қабілетті кадрлар қажет екенін баса айтты.
«Бүгінде мемлекеттік қызметке орналасу кезінде мамандардың қабілеттері мен құзыреттеріне назар аударылады. Агенттіктің басты міндеті мемлекеттік қызметтің ашықтығын қалыптастыру болып табылады. Мақсаттардың бірі-меритократия қағидаттары бойынша мемлекеттік қызметке кедергісіз орналасуды қамтамасыз ету», - деді ҚР МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаев.
Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметті цифрландыру, мемлекеттік аппаратқа жұмысқа орналасу кезіндегі тестілеудегі өзгерістер, жастар кадрлық резервінің әлеуеті және өңірлік кадрлық резервті қалыптастыру туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша қонақ жастардың сұрақтарына жауап беріп, ЕҰУ мен МҚІА бірлескен жобаларын дамытуға қосқан белсенді үлесі үшін ЖОО қызметкерлері мен студенттеріне өз атынан алғыс хаттар табыс етті.
