
ЕҰУ мен Трансфузиология орталығы меморандумға қол қойды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ерікті қан донорлығын дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Іс-шараға белсенді жастар қатысып, донорлық қозғалыстың маңызы туралы ақпарат алды.
ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы жастар арасында донорлық мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
«Ерікті қан донорлығын насихаттау – жастардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және қоғамға пайдасын тигізуге мүмкіндік беретін маңызды бастама. Донорлық қан көптеген адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Сондықтан жастар арасында донорлық мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор», – деді проректор.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының Басқарма төрағасы Сания Абдрахманова донорлық қанның онкологиялық ауруларды емдеуде, күрделі операциялар кезінде және шұғыл медициналық көмек көрсету барысында қажет екенін атап өтті.
«Қан донорлығы көптеген науқастың өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан бізге тұрақты донорлар, әсіресе белсенді әрі қоғамға жанашыр жастар қажет. ЕҰУ студенттерін донорлық қозғалысқа қосылып, осы игі бастамаға үлес қосуға шақырамыз. Университетпен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз», – деді Сания Абдрахманова.
Меморандум аясында ЕҰУ донорлықты әлеуметтік желілер арқылы насихаттауға және ерікті донорларды тартуға қолдау көрсетеді. Ал Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы донорларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, бірлескен іс-шаралар туралы ақпаратты жариялауға атсалысады.
Ынтымақтастық студенттердің донорлық қозғалысқа қатысуына және болашақ мамандардың трансфузиология саласымен танысуына мүмкіндік береді.
