
Ғалым, ұстаз, тұлға: ЕҰУ-да профессор Перизат Сейітқазыға құрмет көрсетілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Білім жоғары мектебі, Педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Перизат Байтешқызы Сейітқазының 60 жылдық мерейтойына орай «Ғибратты ғұмыр: Ғалым. Ұстаз. Тұлға» атты ғылыми-биографиялық бенефис өтті.
Тағылымды іс-шараның мақсаты – отандық ғылым мен білім беру саласына елеулі үлес қосып жүрген ғалымның өмір жолын, ғылыми ізденістерін, ұстаздық қызметін және тұлғалық болмысын кеңінен таныту, сондай-ақ оның өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа үлгі ету.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Кәрімбек Құрманәлиев жеткізіп, «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалін табыс етті.
Министр өз құттықтауында мерейтой иесінің білім беру саласында отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп, отандық білім мен педагогика ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ педагогика ғылымдарының докторы, профессордың медиа білім, медиа мәдениет және педагогика бағыттарындағы ғылыми зерттеулеріне тоқталып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және ғылыми шығармашылық табыс тіледі.
ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай профессор Перизат Байтешқызын мерейлі 60 жасымен ректор Ерлан Сыдықовтың атынан құттықтап, ғалымның ғылым мен білім беру саласындағы еңбегіне жоғары баға берді. Ғылыми кеңестің шешімімен «Күлтегін» медалі табыс етілді.
«Перизат Байтешқызының ғибратты ғұмыры – ғылымға адалдықтың, ұстаздыққа жауапкершіліктің және кәсіби биік ұстанымның үлгісі. Ғалымның көп жылғы еңбегі, білім беру саласына қосқан үлесі мен шәкірт тәрбиелеудегі қызметі ерекше құрметке лайық. Осындай тағылымды тұлғалардың өмір жолын насихаттау – жас ұрпақтың бойында білімге құштарлық пен ұстазға деген құрметті қалыптастырудың маңызды жолы. Мерейтой иесіне зор денсаулық, шығармашылық табыс және ғылыми-педагогикалық қызметіне толағай жетістіктер тілейміз!», - деді Ардақ Бейсенбай.
Мерейтойлық басқосу барысында профессор Перизат Сейітқазының ғылым мен білім саласындағы еңбегі, кәсіби қалыптасу жолы, ғылыми-педагогикалық қызметі мен шәкірт тәрбиелеудегі рөліне айрықша назар аударылды. Әріптестері мен шәкірттері ғалымның отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оның адами қасиеттері мен кәсіби ұстанымдары туралы жылы лебіздерін білдірді.
«Ғалым. Ұстаз. Тұлға» атауының өзі ғылымға адалдықты, ұстаздық жауапкершілікті және адамдық биіктікті бір арнаға тоғыстырған профессордың өмірлік ұстанымын айқындайды. Ғалымның еңбегі мен тағылымды жолы – ізденіске ұмтылған жастар үшін өнеге, ал әріптестері мен шәкірттері үшін кәсіби сабақтастықтың жарқын үлгісі.
Ғылыми-биографиялық бенефис мазмұны жағынан мерейтойлық құттықтаумен ғана шектелмей, ғалымның өмірі мен қызметін зерделеуге, ғылыми мұрасын бағалауға және ұстаздық дәстүрдің маңызын дәріптеуге бағытталған мәнді кездесу болды.
