
Ғылыми кітапханада «Мұхтар Әуезов мұрасы және әлемдік контекст» тақырыбында тағылымды кездесу өтті

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Мұхтар Әуезов мұрасы және әлемдік контекст» тақырыбында әдеби-танымдық кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, студенттердің қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттыру және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
Кездесудің құрметті қонағы – белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл. Сондай-ақ іс-шараға Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев, университет студенттері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Кездесуді Ғылыми кітапхана директоры Бақытжын Оразалиев ашып, Мұхтар Әуезовтің қазақ руханиятындағы орны мен әдеби мұрасының маңызына тоқталды. Ол ұлы қаламгердің шығармаларын жас ұрпаққа таныту мен студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың маңызын атап өтті.
Ж. Боранбаев «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының негізгі бағыттары туралы айтып, жастарды кітап оқуға, оқыған шығармалары жөнінде пікір алмасуға және жобаға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесудің негізгі бөлімінде профессор С. Жұмағұл Мұхтар Әуезовтің өмір жолы, шығармашылық ізденістері, ұлттық әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Ғалым жазушының шығармашылық тұлғасының қалыптасуына әсер еткен тарихи кезеңдерге, әдеби ортасына, ұлттық дүниетанымы мен көркемдік шеберлігіне тоқталды.
Сондай-ақ «Абай жолы» роман-эпопеясының қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерудегі орны, қаламгердің драматургия, әдебиеттану және ғылыми зерттеу салаларындағы еңбектері сөз болды.
Кездесу барысында студенттер ғалымға сұрақтарын қойып, Мұхтар Әуезов шығармаларының ерекшеліктері мен бүгінгі қоғам үшін өзектілігі туралы пікір алмасты. С. Жұмағұл жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректермен бөлісіп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Іс-шара аясында Ғылыми кітапхана қорындағы Мұхтар Әуезовтің шығармалары мен қаламгер мұрасына арналған зерттеу еңбектерінен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жазушының көркем туындылары, өмірі мен шығармашылығы туралы басылымдар қойылды.
Тағылымды кездесу студенттердің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын тереңірек танып-білуіне мүмкіндік берді. Іс-шара жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге бағытталды.
