
ЕҰУ студенттері Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдерімен кездесті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға Агенттіктің кадр бөлімшесінің қызметкерлері Елена Тагильцева мен Бексамат Боранқұл қатысып, студенттерге мекеменің қызмет бағыттары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қаржылық мониторинг агенттігінің кадрлық әлеуетін нығайту, білікті жас мамандарды іріктеу және университет түлектерін мемлекеттік қызметке тарту. Агенттік өкілдері болашақ мамандарға қойылатын негізгі талаптар мен үміткерлерді іріктеу кезінде ескерілетін өлшемдерге тоқталды.
Мамандардың айтуынша, 2027 жылы оқуын аяқтайтын, GPA көрсеткіші 2,5 және одан жоғары студенттерге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар үміткердің академиялық үлгерімімен бірге оның қоғамдық және шығармашылық өмірдегі белсенділігі де ескеріледі. Агенттік шығармашылық және техникалық дағдыларды меңгерген, заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын, шет тілдерін еркін білетін, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастарды қызметке тартуға мүдделі.
Кездесу барысында студенттер Қаржылық мониторинг агенттігінің міндеттері, қызметке қабылдау тәртібі, мамандарға қойылатын талаптар және кәсіби өсу мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Агенттік өкілдері сауалдарға жауап беріп, болашақ түлектерге еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін кәсіби біліммен қатар тұлғалық және коммуникациялық қабілеттерді де дамыту маңызды екенін түсіндірді.
