
Физикалық және экономикалық география кафедрасында жасанды интеллектті оқытуда қолдануға арналған педагогикалық семинар өтті

2026 жылғы 22 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институтының Физикалық және экономикалық география кафедрасында «Жасанды интеллект негізінде дәріс мазмұнын жобалау және критериалды бағалауды жетілдірудің педагогикалық аспектілері» тақырыбында педагогикалық семинар өтті.
Семинарды «Жаратылыстану білімі және педагогикалық инновациялар» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Асет Бақтыбекұлы Сералиев жүргізді.
Семинар барысында жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді пайдалану, дәріс мазмұнын заманауи талаптарға сай жобалау, критериалды бағалау жүйесін жетілдіру және білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың тиімді әдістері қарастырылды.
Қатысушылар білім беру үдерісінде цифрлық технологияларды қолдану, оқыту сапасын арттыру және бағалау әдістерін жетілдіру мәселелерін талқылады. Жасанды интеллект құралдарын оқу материалдарын әзірлеуде және білім алушылардың жетістіктерін бағалауда қолдану жолдарына назар аударылды.
Семинар кафедраның профессор-оқытушылар құрамы арасында педагогикалық тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және жасанды интеллект құралдарын оқыту тәжірибесіне енгізу жолдарын қарастыруға арналды.
