
Түркиялық ғалым Әбдіуақап Кара ЕҰУ-да қонақ дәрісін оқыды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында тарих ғылымдарының докторы, профессор, түркиялық ғалым әрі Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеуші Абдуакап Кара қонақ дәрісін оқыды.
«Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеу: архивтерден цифрлық зерттеулерге дейін» тақырыбындағы дәріс тарихи ғылымның дамуына және тарихи мұраны зерттеудің заманауи әдістеріне қызығушылық танытқан оқытушыларды, ғалымдарды, докторанттар мен магистранттарды біріктірді.
Іс-шараға ЕҰУ-дің тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағамбетов, доцент Жабай Қалиев, профессорлар Задаш Дүкенбаева мен Гүлнара Мұсабалина, Ерке Картабаева, Алтын Орда кафедрасының доценті Қанат Енсенов, доцент Самал Қабылтаева, аға оқытушылар Нұржан Қоңырбаев пен Аягөз Нұрманова, тарихшы Меруерт Тлебалдиева, сондай-ақ университеттің докторанттары мен магистранттары қатысты.
Дәріс барысында ғалым Әбдіуақап Қара «Аrtificial intelligence» атауына тоқталып, біз айтып жүрген жасанды интеллектіні ұлттық тілге негіздеп «Жасанды зерде» деп айтуға, жазуға және оны насихаттауға яғни, қазіргі жаһандану заманында ұлт болып ұйысудың жолдарын, адамгершілік, ғылым жолындағы еңбекқорлық және цифрлық деректерді қалай игеру туралы кеңінен тарқатып айтты. Сонымен қатар, 1929-1939 жж аралығында шыққан «Яш Түркістан» журналының 117 санын электрондық нұсқасын (PDF) жасағанын да айтып өтті. Тарихшы-ғалым «мемлекеттің, ұлттың адвокаты – тарихшы» деген ойын да көпшілікке жеткізді.
Қонақ дәрісін қорытындылаған кафедра меңгерушісі Сейтказина Құралай Отаубайқызы Түркиядан келген ғалымға факультет атынан зор ықыласын білдіріп «Тарих» білім беру бағдарламасының докторанттарына шетелдік кеңесші ретінде қолдау жасап жүргеніне рахметін айтты.
