
ЕҰУ студенттері өнеркәсіпте ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу мен өндіруді меңгереді

«Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС базасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жүйелері» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттеріне арналған дуальді оқыту басталды.
Бағдарлама аясында Физика-техникалық ғылымдар институтының екінші курсында білім алып жүрген алты студент R&D орталығы мамандарының жетекшілігімен өнеркәсіпте практикалық даярлықтан өтеді.
Болашақ инженерлер техникалық құрылғыларды жобалау және прототиптеу технологияларын меңгеріп, олардың үлгілерін жасауды үйренеді әрі өндірістік үдерістерге қатысады. Оқу барысында студенттер композиттік материалдармен жұмыс істеп, электроника мен бағдарламалауды, сондай-ақ мультикоптерлердің, ұшақ үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтандырылған жүйелердің құрылымдық ерекшеліктерін зерделейді.
Дуальді оқыту бағдарламасының ашылу рәсіміне университет пен «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС өкілдері, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар қатысты.
ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай дуальді оқыту студенттерге университеттегі теориялық білімді өндірістегі практикалық сабақтармен ұштастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Проректордың айтуынша, мұндай тәсіл ұшқышсыз техниканы әзірлеу, құрастыру және пайдалану үшін қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
Оқу үдерісі университет пен ғылыми-өндірістік ұйым арасындағы ынтымақтастық аясында 2025 жылы «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС жанынан құрылған «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының филиалында ұйымдастырылады.
«Студенттер біздің орталықтың базасында 1 қыркүйектен бастап білім алуға кірісті. Біз олармен өз біліміміз бен практикалық тәжірибемізді бөлісуге, өндірістік үдерістермен және ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеудің ерекшеліктерімен таныстыруға дайынбыз. Алған дағдылары болашақ инженерлерге оқуын табысты аяқтап, кейін кәсіби қызметте өз орнын табуға көмектеседі деп үміттенеміз», – деп атап өтті «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Әліби Сейіт.
Іс-шара барысында қатысушылар кәсіпорынның өндірістік учаскелері мен құрастыру цехтарын аралап көрді. Дәл осы жерлерде студенттер заманауи инженерлік технологияларды меңгеретін болады.
ЕҰУ Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин филиал базасында студенттердің аэромеханика, инженерлік графика және композиттік материалдар сияқты пәндерді оқитынын айтты.
«Олар аптаның төрт күнінде осында, ал бір күнінде университетте білім алады. Оқу аяқталған соң студенттерге дуальді оқытудан өткені туралы сертификат беріледі. Мемлекет ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан түлектеріміз жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Өйткені ұшқышсыз аппараттар экономиканың барлық дерлік саласында қолданылады», – деп атап өтті ғалым.
Келесі оқу жылында дуальді оқуға студенттердің жаңа тобы кіріседі.
«Мен бала кезімнен ұшу аппараттары мен ұшақтарға қызығатынмын. Сондықтан осы бағытта білім алған ұнайды. Практикалық сабақтар кезінде шеберханада түрлі материалдармен, соның ішінде полимерлермен және шыны талшықпен жұмыс істейміз. Оқытушылар материалды қызықты әрі түсінікті жеткізеді. Соның арқасында жаңа білімді оңай меңгеріп, оны тәжірибе жүзінде қолдана аламыз», – деді екінші курс студенті Бауыржан Аян.
ЕҰУ мен R&D орталығының ынтымақтастығы теориялық білімімен қатар, заманауи ұшқышсыз және роботтандырылған жүйелермен жұмыс істеу тәжірибесі бар білікті инженер мамандарды даярлауға бағытталған.
