
ЕҰУ өкілдері Республика күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінің деканы Бауыржан Сматлаев пен шығыстану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Самал Төлеубаева мемлекет алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Мемлекеттік наградаларды Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.
Марапаттау рәсімі Республика күніне арналған салтанатты іс-шара аясында ЕҰУ-да өтті. Жиынға университет ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген ғылым және жоғары білім саласының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын барысында министр ғылым және жоғары білім саласындағы кәсіби жетістіктері мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін еліміздің түрлі өңірлерінен келген бірқатар сала мамандарын да марапаттады.
Министр өз сөзінде ғылым мен жоғары білім саласындағы жетістіктерге, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталып, жасанды интеллектіні білім беру мен ғылымға енгізу мәселесіне ерекше назар аударды.
«Ғылым және жоғары білім саласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Осыдан төрт-бес жыл бұрын болашақтың бастамасы ретінде қарастырылған көптеген идея бүгінде нақты іске асып жатыр. Соның бірі – жасанды интеллектінің білім беру мен ғылыми зерттеулердің ажырамас бөлігіне айналуы. Оны оқу үдерісіне енгізу, ғылыми қызметте тиімді пайдалану және болашақ мамандардың цифрлық құзыреттерін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Біздің басты міндетіміз – технологиялық өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, осы өзгерістерді жасай алатын білікті мамандарды даярлау. Сондықтан университеттер жаңа білім мен озық технология тоғысатын, инновациялық идеялар жүзеге асатын орталыққа айналуы қажет», – деді министр.
«Бұл марапатты өз еңбегіме ғана емес, әріптестерім мен шәкірттерімнің бірлескен жұмысына берілген жоғары баға деп білемін. Ғылымды дамыту, білімді ұрпақ тәрбиелеу және еліміздің өркендеуіне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Бұл марапат мені жаңа ғылыми ізденістерге жігерлендіріп, жауапкершілігімді арттыра түседі», – деді Самал Төлеубаева.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
