
Менеджмент» кафедрасының PhD, доцент міндетін атқарушы Ерғали Мұхтарұлы Әбенов «Лев Гумилев» төсбелгісімен марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы мен Республика күніне орай «Менеджмент» кафедрасының доцент міндетін атқарушы, философия докторы (PhD) Ерғали Мұхтарұлы Әбенов университеттің ең жоғары марапаты – «Лев Гумилев» медалімен марапатталды.
Марапат ғалымға университеттің дамуына қосқан елеулі үлесі, білім мен ғылым саласындағы көпжылдық еңбегі және кәсіби қызметіндегі жетістіктері үшін табысталды.
Ерғали Мұхтарұлы – «Менеджмент» кафедрасының түлегі. Арман қуып, алдына биік мақсат қойған жас ретінде Астанаға келген ол білім алушыдан білікті оқытушыдан ғалымға дейінгі кәсіби жолдан өтті. Бүгінде өзі білім алған қара шаңырақта жас мамандар даярлап, университеттің ғылыми және академиялық дамуына үлес қосып келеді.
Білім жолы: 2004–2008 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Экономика факультеті «Менеджмент» кафедрасында 050510 – «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып, бакалавриатты тәмамдады.
2008–2010 жылдары осы университетте 6N0510 – «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. Білім беру бағдарламасын үздік дипломмен аяқтап, магистр академиялық дәрежесін иеленді.
2017–2020 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Экономика факультеті «Менеджмент» кафедрасында 6D051700 – «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша докторантурада білім алды.
2022 жылғы 10 наурызда университет жанындағы диссертациялық кеңесте «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде кәсіпкерліктің инновациялық даму механизмдерін жетілдіру» тақырыбындағы диссертациялық жұмысын сәтті қорғады. 2022 жылғы 17 наурыздағы №552-п бұйрыққа сәйкес оған 6D051700 – «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі берілді.
Еңбек жолы Ерғали Мұхтарұлы еңбек жолы өзі түлеп ұшқан университетпен тығыз байланысты. Ол 2011 жылғы 24 қаңтарда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Экономика факультеті «Менеджмент» кафедрасына оқытушы болып қабылданды.
Қазіргі уақытта «Менеджмент» кафедрасында философия докторы (PhD), доцент міндетін атқарушы қызметін атқарады. Ұстаздық қызметінде білім алушылардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыруға және білікті мамандар даярлауға үлес қосып келеді.
Ғылыми қызметі: Ерғали Мұхтарұлы – қазіргі экономиканың өзекті мәселелерін зерттеп, оларды шешудің ғылыми негізделген жолдарын ұсынуға бағытталған еңбектерімен танылып жүрген экономист-ғалымдардың бірі.
Оның ғылыми ізденістері инновациялық менеджмент, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, кәсіпкерліктің инновациялық дамуы және экономиканың өзекті макроэкономикалық мәселелерін қамтиды. Зерттеушінің жеке және бірлескен авторлықта әзірлеген ғылыми еңбектері теориялық әрі қолданбалы маңызға ие.
Ерғали Мұхтарұлы 30-дан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы. Олардың қатарында:2 оқу құралы, 3 монография, уәкілетті орган ұсынған ғылыми басылымдарда жарық көрген 17 мақала, 4 авторлық құқық объектісіне берілген куәлік бар.
«Лев Гумилев» медалі – Ерғали Мұхтарұлының университет қабырғасындағы көпжылдық еңбегіне, кәсіби шеберлігіне және ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға.
«Менеджмент» кафедрасының ұжымы Ерғали Мұхтарұлын мәртебелі марапатымен құттықтап, ғылыми және педагогикалық қызметіне толағай табыс, жаңа жетістіктер мен шығармашылық серпін тілейді!
