
ЕҰУ-да сәулет-құрылыс факультетінің «Ашық есік» күні өтті

2026 жылғы 24 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Сәулет-құрылыс факультетінде кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Астана қаласындағы №119 және №37 мектептердің, Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM School мектебінің және басқа да білім беру ұйымдарының оқушылары мен ата-аналары, сондай-ақ университеттің дайындық бөлімінің студенттері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 70-ке жуық адамды құрады.
Іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушылары мен талапкерлерді факультеттің білім беру бағдарламаларымен таныстыру, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру және университеттің білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсыну.
Кездесу барысында қатысушыларға Сәулет-құрылыс факультетінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары, мамандықтардың ерекшеліктері және кәсіби даярлық бағыттары туралы ақпарат берілді. Оқушылар мен ата-аналар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, жоғары білім алу мүмкіндіктері жөнінде мәліметтермен танысты.
Бағдарлама аясында қонақтарға ENU-Lab зертханасына және факультет құрамындағы барлық кафедраларға экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында қатысушылар зертхананың жұмысымен, заманауи құрал-жабдықтармен, кафедралардың білім беру және ғылыми қызметімен танысты. Бұл оларға факультеттегі оқу үдерісінің ерекшеліктерін жақынырақ білуге және болашақ мамандықтардың практикалық қырларын түсінуге мүмкіндік берді.
«Ашық есік күні» мектеп оқушылары мен талапкерлердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға, олардың білім беру бағдарламалары туралы ақпараттандырылуын арттыруға және университет өмірімен жақынырақ танысуына ықпал етті.
Осындай кездесулер болашақ талапкерлердің мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына көмектесіп, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Сәулет-құрылыс факультеті болашақ талапкерлермен кәсіби бағдар беру бағытындағы кездесулерін алдағы уақытта тағыда жалғастырады.
