
Қырғызстандағы ЕҰУ филиалында Қазақстан Республикасының күні аталып өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қырғыз Республикасындағы филиалында еліміздегі ұлттық мереке – Республика күніне орай «Қазақстан – білім мен тұрақтылық, ынтымақтастық мекені» атты мерекелік іс-шара болып өтті.
Салтанатты іс-шараға Ош мемлекеттік университетінің ректоры Кудайберди Кожобеков пен Қазақстан Республикасының Ош қаласындағы Бас консулы Мұхтар Кәрібай, консулдық қызметкерлері, профессорлық-оқытушылар құрам мен филиал студенттері қатысты.
Мерекелік кешті ОшМУ-дың ректоры Кудайберди Кожобеков ашып: «Барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, еліміздің бүгінгі таңдағы білім кеңістігіндегі жетістіктеріне тоқталып, екі ЖОО арасында орныққан ынтымақтастық, әріптестік байланыстардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, жастарға табыс, сәттіліктер тіледі».
Бас консул Мұхтар Кәрібай қатысушыларға мемлекетіміз үшін маңызы ерекше бұл мерекенің халықаралық сипаты мен еліміздің даму бағыты, жастардың білім алуы, бауырлас екі ел арасындағы тарихи, рухани, туыстық ықпалдастықтар туралы жан-жақты баяндап берді.
Мерекелік іс-шарада өнерлі жастардың қатысуымен қазақ ақындарының өлеңдері оқылып, Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі шертіліп, ұлттық нақышқа сай «Залина», «Өмір» билері орындалып, әуелете «Көк тудың желбірегені» әні шырқалып, Республика күнінің мән-маңызы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.
Республика күніне арналған іс-шараны филиал директоры Айнұр Найманбай мен филиалға университетімізден арнайы сабақ жүргізуге келген қонақ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сандуғаш Байсарина қорытындылап, қазіргі таңдағы екі университет, филиал арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланыстарға тоқталып, белсенді қатысушыларға алғыс білдіріп, арнайы кәдесыйлар табыстады.
