
Қоғамдық орындарда вандализм мен рұқсатсыз граффити салудың алдын алуға арналған ашық тәрбие сағаты өтті

2026 жылдың 22 қазанында «Жалпы биология және геномика» кафедрасында В050-5107–23-01 тобының білім алушылары мен топ кураторы Мырзабаева Малика Төлендіқызының ұйымдастыруымен «Қоғамдық орындарда вандализм мен граффити салудың алдын алу» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты: Білім алушылардың қоғамдық орындарда вандализм мен рұқсатсыз граффити салудың алдын алу туралы түсінігін қалыптастыру, қала инфрақұрылымы мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық жауапкершілік нормаларын түсіндіру және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру.
Іс-шараның барысы: Тәрбие сағаты ақпараттық-түсіндіру, тақырыптық презентация көрсету, нақты құқықтық жағдаяттарды талдау және ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қатысушыларға қоғамдық орындардағы вандализмнің мәні мен қоғамға тигізетін зияны, қабырғаларға рұқсатсыз жазулар мен суреттер салудың салдары, сондай-ақ қала инфрақұрылымы мен ортақ мүлікті қорғаудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы вандализмге және бөтеннің мүлкін қасақана жоюға немесе бүлдіруге қатысты жауапкершілік шаралары нақты көрсетілді.
Білім алушылар ұсынылған құқықтық жағдаяттарды өзара талқылап, олардың ықтимал заңдық және әлеуметтік салдарын саралады, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары бойынша өз ойларын ортаға салды. Талқылау кезінде қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау мәдениеті және жастардың жеке жауапкершілігі басты назарға алынды.
Өткізілген тәрбие сағаты білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға өз септігін тигізді. Іс-шара қойылған мақсаттарына толық жетті.
