
ЕҰУ студенттері Түркияда өткен Түркі әлемі жастарының форумында ЖИ жобасын таныстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Серік Қалдан мен Жанерке Қойлыбай Түркияның Трабзон қаласында Халықаралық түркі мәдиниеті ұйымының (TURKSOY) қолдауымен өткен Түркі әлемі жастарының III форумына қатысты.
Ауқымды халықаралық басқосуға әлемнің 24 елінен түркі тілдес мемлекеттердің өкілдері мен диаспора жастары жиналды.
Аталмыш халықаралық алаңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алғыр жастары да қатысып, тәжірибе алмасты. Қазақстан делегациясы құрамында Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының 4-курс студенті Серік Қалдан мен филология факультетінің 3-курс студенті Жанерке Қойлыбай болды.
Форум бағдарламасы аясында қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері, жаһандық сын-қатерлер және ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылады.
Іскерлік бағдарлама аясында өткен «Жастар мінбері» отырысында ЕҰУ студенті Қалдан Серік Ержанұлы «ЖИ дәуіріндегі адами құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады. Ол 24 елден келген делегацияға ұлы ақынның шығармашылығына негізделген «AbAI» - a conversational AI model based on the works of Abai Kunanbayuly (Абай Құнанбайұлының шығармаларына негізделген диалогтық ЖИ моделі) атты жобасын таныстырды.
«Форумға түркі тілдес мемлекеттермен қатар әлемнің әр түкпірінен түркі диаспорасының өкілдері келді.. Бұл алаң маған халықаралық деңгейдегі жобалармен танысып, жаңа идеялар алуыма көп пайдасын тигізді. Сонымен қатар бауырлас елдерден келген көшбасшы жастармен танысып, мәдени алмасу жасадық. Осындай мүмкіндіктер үшін университетіме алғысымды айтқым келеді», - деп атап өтті ЕҰУ студенті Қойлыбай Жанерке.
TURKSOY ұйымдастырған бұл кездесу ортақ тарихи тамыры бар елдердің жастары арасындағы өзара түсіністікті тереңдетіп, мәдени-рухани байланыстарды жаңа деңгейге көтерді.
