
ЕҰУ түлектеріне педагогикалық қызметті бастаудағы талаптар түсіндірілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Білім жоғары мектебінің «6B01721 – Шетел тілі: екі шетел тілі», «7M01719 – Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламаларының, сондай-ақ Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының «6B01511 – Информатика», «7M01511 – Информатика» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан бітіруші курс студенттеріне арналған онлайн форматтағы ақпараттық кездесу өтті.
Карьера және бизнес әріптестік бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның басты мақсаты – педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының бітіруші курс студенттеріне кәсіби сертификаттаудың маңыздылығын түсіндіру және осы мәселеге қатысты өзекті сұрақтарды талқылау.
Педагогтердің білімін бағалау (ПББ) – Қазақстан Республикасында болашақ және қазіргі педагогтердің теориялық, әдістемелік және пәндік даярлық деңгейін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеу. Кездесу барысында ЕҰУ-дың Карьера және бизнес әріптестік бөлімінің өкілдері студенттерге ПББ тапсырудың маңыздылығы мен оның кәсіби қызметтегі рөлін жан-жақты түсіндірді.
Атап айтқанда, ПББ сертификатының болуы педагогикалық қызметке орналасу және еңбек жолын ресми түрде бастау үшін маңызды екені атап өтілді. Сертификаттың болмауы жалпы орта білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасуға кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, ПББ нәтижелері педагогикалық қызметке алғашқы біліктілік санатын, яғни «педагог-тағылымдамашы» санатын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған түлектер үшін ПББ тапсыру грант бойынша міндеттемелерді орындау тұрғысынан да маңызды екені айтылды. Тестілеуден өтпеу олардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына және грантты өтеуге байланысты міндеттемелерін орындауына қиындық тудыруы мүмкін.
Кездесудің екінші бөлімінде студенттер мен магистранттарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен ашық диалог жүргізуге мүмкіндік берілді. Қатысушыларды ПББ-ға тіркеудің келесі кезеңінің басталу мерзімі, тестілеу барысында жинаған балл санының болашақта жұмысқа орналасуға ықпалы, сондай-ақ ақылы негізде білім алып жатқан және мектепте жұмыс істеуді жоспарламайтын студенттер үшін ПББ тапсырудың міндеттілігі туралы мәселелер қызықтырды.
Іс-шара соңында қатысушылар кәсіби сертификаттауға қатысты сұрақтарына жауап алып, педагогикалық қызметке дайындық барысында ескерілуі қажет маңызды ақпараттармен танысты. Мұндай кездесулер бітіруші курс студенттерінің кәсіби бағдарын айқындауға, алдағы еңбек жолын жоспарлауға және педагогикалық қызметке қойылатын талаптар туралы хабардарлығын арттыруға ықпал етеді.
