
Шығыстанушы ғалым жоғары наградамен марапатталды

Республика күні қарсаңында филология ғылымдарының докторы, Шығыстану кафедрасы профессорының міндетін атқарушы Самал Абайқызы Төлеубаева «Құрмет» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.
Самал Төлеубаева 1998 жылы Марокко Корольдігінің Фес қаласындағы Сиди Мұхаммед бен Абдаллах атындағы университеттің Саис-Фес әдебиет және гуманитарлық ғылымдар факультетінің араб тілі мен әдебиеті бөлімін «Араб тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік тәмамдады. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Шығыстану» мамандығы бойынша магистратурасын үздік бітірді. 2013 жылы Еуразия гуманитарлық институтында «Тарих» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. 2010 жылы «Әл-Фараби тілдік тұлғасының салыстырмалы-тарихи парадигмадағы стратификациясы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Доцент ғылыми атағына ие.
С.А. Төлеубаева 1998 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп келеді. Ол 1999 жылы университетте Шығыстану факультетінің ашылуының бастауында тұрды. Бір жылдан кейін факультет Шығыстану кафедрасы болып қайта құрылды. Еңбек жолын оқытушыдан бастап, кафедра меңгерушісі қызметіне дейін жетті.
Университеттегі қызметі барысында Самал Төлеубаева өз ісінің жоғары білікті маманы ретінде танылып, араб тілін оқытудың өзіндік әдістемесін қалыптастырды. Әріптестері мен білім алушылар арасында үлкен құрметке ие. Оның сабақтары жоғары ұйымдастырушылық және әдістемелік деңгейде өтеді.
С.А. Төлеубаева – елімізге танымал шығыстанушы-арабтанушы, фарабитанушы, ортағасырлық ислам өркениеті, қазіргі араб және мұсылман әлемі бойынша білікті маман. Ол Қазақстан телеарналарында араб әлеміндегі оқиғалар, араб, мұсылман және түркі әлемінің өзекті мәселелері, әл-Фараби мұрасы, сондай-ақ Қазақстанның Шығыс елдерімен ынтымақтастығы жөнінде сараптамалық пікір білдіріп, сұхбаттар беріп келеді.
Ғалым Қазақстанда өткен Әл-Фараби жылын ұйымдастыру мен табысты өткізуге елеулі үлес қосты.
С.А. Төлеубаева – ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар, баяндамалардың тезистері мен аудармаларды қоса алғанда, 250-ден астам жарияланымның авторы. Оның ғылыми еңбектерінің қатарында «Қазақ фольклорлық дәстүріндегі “Мың бір түн”» монографиясы (2009) және бес оқу құралы бар:
«Арабский язык. Тексты событийного содержания» (2008);
«Араб тілі. Оқиға мәтіндер» (2012);
«Арабский язык в сфере экономики» (2014);
«Арабистика в Казахстане» (2020);
«Классическое и современное востоковедение» (2022).
Самал Төлеубаева араб тілінен қазақ және орыс тілдеріне, сондай-ақ кері бағытта аударатын елімізге танымал кәсіби аудармашы. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігі, Парламенті, Үкіметі және басқа да мемлекеттік органдар ұйымдастырған жоғары деңгейдегі іс-шараларға аудармашы ретінде тартылды.
Атап айтқанда, Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларының араб елдеріне жасаған ресми сапарлары кезінде Н.Ә. Назарбаев, Қ.К. Тоқаев, М.С. Әшімбаев, Қ. Мәми, М.Б. Қасымбеков, Е.Б. Сыдықов, Б.Ж. Әбдірайым және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлеріне аударма қызметін көрсетті.
Сонымен қатар ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I–VIII съездерінің жұмысына (2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018, 2022 және 2025 жылдар), аталған съездердің хатшылық отырыстары мен жұмыс топтарының кездесулеріне қатысты. Араб мемлекеттері басшылары мен жоғары лауазымды тұлғаларының Қазақстанға ресми сапарлары, соның ішінде Мысыр президенттері М.Х. Мүбәрак пен Абдель Фаттах ас-Сисидің, Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Танидің сапарлары кезінде аударма жасады.
Бұдан бөлек, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы, Астана процесі аясында Сирия мәселесі бойынша өткен халықаралық кездесулер (2017–2024) және басқа да маңызды іс-шараларда кәсіби аудармашы ретінде қызмет атқарды.
С.А. Төлеубаева – «Еуразия мақтанышы – 2009» университетішілік байқауының жеңімпазы, «2013 жылдың үздік жоғары оқу орны оқытушысы» атағының иегері. 2020 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
2021 жылы Халықаралық араб тілі күніне орай Мысырдың Айн-Шамс университеті ұйымдастырған араб тілін ана тілі ретінде қолданбайтын авторлар арасындағы мақалалар байқауында жеңімпаз атанды. 2023 жылы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» Үлкен алтын медалімен марапатталды.
