
ЕҰУ Директорлар кеңесі ұйымдық өзгерістерді бекітті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдық құрылымын жетілдіру, басқару тетіктерін оңтайландыру және корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету – Директорлар кеңесінің кезекті отырысына арқау болды.
Стратегиялық даму басымдықтарын іске асыруда, басқару шешімдерінің сапасын қамтамасыз етуде және атқарушы орган қызметінің тиімділігін бақылау тұрғысынан қаралған мәселелер ЕҰУ-дың басқару жүйесін жетілдіруге және институционалдық дамудың негізгі бағыттарын нығайтуға бағытталды. Соның ішінде, университет басқармасы тарапынан енгізілген ұйымдық өзгерістер жан-жақты талқыланып, бекітілді.
«Өзгерістердің негізгі мақсаты – басқару функцияларын нақтылау, операциялық және цифрлық бағыттардың өзара байланысын күшейту, сондай-ақ барлық білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіруді көздейді. Сонымен бірге инфрақұрылымдық және техникалық бағыттарды үйлесімді басқаруға, құрылымдық бөлімшелердің функциялары мен жауапкершілігін нақтылауға бағытталған», - деп атап өтті Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай.
Сондай-ақ, Кеңес университет Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын мақұлдады. Бұл құжат университеттің ішкі нормативтік базасын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруге және басқару органдарының құзыреттерін нақтылауға мүмкіндік береді.
Университетті тиімді басқару тек құрылымдық өзгеріс жасаумен шектелмесе керек. Ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау да корпоративтік басқарудың маңызды құрамдас бөліктері болып табылады. Осыған байланысты Директорлар кеңесі Ішкі аудит қызметінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің 2026 жылғы үшінші тоқсандағы жұмысы туралы есептерді қарады.
Есепті кезеңде Ішкі аудит қызметі Ғылыми кітапхана жұмысына аудит жүргізіп, ішкі бақылау жүйесін жетілдіру мен тәуекелдерді азайтуға бағытталған ұсынымдар әзірледі. Комплаенс-қызмет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, академиялық адалдықты нығайту және ішкі нормативтік құжаттарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу бағыттарындағы жұмысын жалғастыра береді.
Бұл маңызды іс университеттегі басқару рәсімдерінің ашықтығын, жауапкершілікті және ішкі бақылау тетіктерінің жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді.
Директорлар кеңесі қызметінің тағы бір міндеті – қабылданған шешімдердің орындалуына қажетті ұйымдастыруға және бақылауға тиісті көңіл бөлу. Бұл университеттің басқару жүйесінде есептілік пен жауапкершіліктің сақталуына ықпал етеді.
Алдағы кезде Директорлар кеңесі қаралған мәселелер бойынша тиісті жұмыстарын жалғастыратын болады.
